Коалиция: Жаңа Конституция елдің болашаққа бағыт алған жолын айқындайды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 09:28
- 39
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы Атырау облысына барды. Өнеркәсіптік өңірде қоғам өкілдерімен, шығармашыл жастармен, мұнайшылармен және кәсіпорын ұжымдарымен кездесулер өтті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Қоғам өкілдерімен кездесу барысында Коалиция мүшелері алдағы референдумның елдің болашағы, әр отбасы мен әрбір қазақстандық үшін тарихи маңызы туралы әңгімелесті.
Мәжіліс төрағасы жаңа Конституция халықтың сұранысына негізделгенін, ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған жүйелі реформалардың дәйекті жалғасы екенін атап өтті.
«Өздеріңіз білесіздер, халық тарапынан 10 мыңнан астам ұсыныс түсті. Азаматтар елдің болашағы, қағидаттар мен құндылықтар туралы көбірек айта бастады. Осының бәрін саралай келе, парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы жаңа Конституция қабылдау қажеттігі туралы қорытындыға келді. Елдегі саяси жүйе тұтастай жаңарып жатыр. Биліктің барлық тармақтары қайта құрылуда. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы беки түседі», – деді Мәжіліс төрағасы.
Атырау тұрғындары, өз кезегінде, жаңартылған Конституция жобасында адамның құқықтары мен бостандықтарының жаңа кепілдіктері мемлекеттің ең жоғары басымдығы ретінде қарастырылғанын атап өтті.
Әңгіме барысында қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау нормаларына ерекше назар аударылды. Олар алғаш рет Ата заңда іргелі принциптер деңгейінде бекітілуде.
Аймақтың шығармашыл жастарымен кездесу «Atyrau Creative Hub» орталығында өтті. Білім беру, ғылым, инновациялар, цифрлық құқықтарды қорғау және талантты жастардың әлеуетін таныту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кездесуге қатысушылар жаңа Конституция технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған дәуірде жеке деректерді қорғауды күшейтетінін және цифрлық қауіпсіздіктің заманауи стандарттарын қалыптастыратынын атап өтті.
Отбасылық мәселелер мен қоғамымызға тән дәстүрлі құндылықтарды сақтауға арнайы назар аударылды. Жас атыраулықтар жаңа Конституцияда некені ерікті түрде жасалған ер мен әйелдің одағы ретінде нақты айқындау отбасылық институтты қолдауға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және оны құқықтық деңгейде қорғауға мүмкіндік беретініне тоқталды.
Әр адамның еңбек ету құқығы, қауіпсіз еңбек жағдайлары, әділ еңбекақы және әлеуметтік қорғау сынды жаңа Конституция жобасында жарияланған нормалар «ҚазТурбоРемонт» қызмет көрсету орталығының ұжымымен өткен кездесулерде талқыланды.
Кәсіпорынның жас мамандары мемлекет пен бизнес олардың кәсіби дамуына қандай мүмкіндіктер жасайтынына қызығушылық танытты. Әсіресе, мемлекет адамның білімі мен кәсібилігін елдің стратегиялық ресурсына айналдыруға жағдай жасау жауапкершілігін өз мойнына алатыны туралы принципке көбірек назар аударды.
Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері еңбек жағдайлары мен заманауи инновациялық өндірістерді дамыту мәселелеріне қатысты бірқатар сұрақ қойды. Іргелі ұжым мүшелері жаңарған Ата заң еңбек жағдайларының қауіпсіздігін және әділ еңбекақы кепілдіктерін күшейтетінін, ал мемлекеттік саясат адамның еңбегі мен кәсіби жетістіктеріне негізделіп құрылатынын атап көрсетті.




