Алматы колледжінде жүкті қызметкерімен жанжалдасқан директор қатаң сөгіс алды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:30
- 41
Алматы білім басқармасы Алматы телекоммуникациялар және машина жасау колледжінде болған оқиғаға байланысты түсініктеме берді. Оқу орнының басшысына қатаң сөгіс жарияланды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Басқарманың мәліметінше, 2026 жылғы 3 наурызда колледж директоры мен іс жүргізуші арасында еңбек тәртібіне қатысты әңгіме болған.
Әңгіме барысында директор қызметкерге өзінің лауазымдық міндеттерін жүйелі түрде орындамауы және корпоративтік әдеп нормаларын бұзуы жөнінде ескерту жасаған.
"Қызметкер бұл ескертуге жауап ретінде бағыныштылық талаптарын өрескел бұзып, дөрекі әрі жоғары дауыспен сөйлеген. Ал колледж директоры эмоцияға беріліп, ұстамсыздық танытқан. Аталған жағдай бойынша Алматы қаласы білім басқармасы қызметтік тексеріс жүргізді. Тексеруден кейін педагогикалық әдеп қағидаларының бұзылғаны анықталды", – делінген басқарма хабарламасында.



