Атырау облысында өлі табылған Мейрамгүл мен Наурыздың денесі сараптамаға жіберілді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:58
- 100
Алдын ала мәлімет бойынша, оларды Сұлтан Сәрсемалиев пышақ жарақатымен өлтірген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Ақ жайық сайтына сілтеме жасап.
Марқұмдардың туыстарының айтуынша, кеше кешкісін Атырау облыстық полиция департаментінің қызметкерлері отбасыға денелердің Геолог ықшамауданындағы үй маңынан табылғанын хабарлаған. Бұл жерде күдікті бұрын айына шамамен 50 мың теңгеге жалдап тұрған.
«Әрине, бізге өте ауыр. Оны ұстағанын естігенде, Мейрамгүл мен Наурыз тірі шығар деп үміттендік. Бірақ кеше олардың да қаза болғанын хабарлады. Қазір денелері моргқа жеткізілді, сараптама жасалады. Кешке дейін жерлеуге беретінін айтты», – деді туысы Шалқар Мұқанғалиев.
Отбасы оларды Жангелдин ауылына, ата-аналарының бейітінің жанына жерлеуді жоспарлап отыр. Бұған дейін Сәрсемалиев олардың ата-анасын да өлтіріп, денелерін қораға жасырғаны хабарланған еді.
Сонымен қатар, Сәрсемалиевтің әйелі Ақбаян Мұқанғалиева қазір Авангард ықшамауданындағы психологиялық қолдау орталығында медициналық-психологиялық көмек алуда. Бұған дейін ІІМ оның да іс бойынша күдікті екенін мәлімдеген еді.
Қазір тергеу жалғасып, тергеу органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.




