Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Референдум-2026

Отбасы – қоғамның ең маңызды әлеуметтік институттарының бірі

Отбасы – қоғамның ең маңызды әлеуметтік институттарының бірі
Фото: автор мұрағатынан
Қоғамдағы тұрақтылық пен елдің дамуы да тікелей отбасылық құндылықтардың беріктігіне байланысты. Сондықтан да бүгінде отбасы институтын нығайту мәселесі мемлекет саясатының маңызды бағыттарының біріне айналып отыр, деп хабарлайды Kyn.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әр отбасы елдің әл-ауқаты мен өркендеуінің негізі екенін бірнеше рет атап өткен. Оның айтуынша, мемлекет отбасы институтын жан-жақты қолдап, қоғамдағы рөлін күшейтуге айрықша назар аударады. Бұл елімізде отбасылық құндылықтарға ерекше мән беріліп отырғанын көрсетеді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Сараш Қоңырбаева да қоғамның дамуы ең алдымен отбасынан басталатынын айтады. Оның пікірінше, отбасы – тек шағын орта ғана емес, ол қоғамдағы тәрбиенің, мәдениеттің және ұлттық құндылықтардың негізгі ұясы. Алайда қазіргі таңда ұрпақтар арасында белгілі бір алшақтық байқалып отырғанын да жасырмайды. Бұрын ата-әжелер жас ұрпаққа ұлттық тәрбие мен дәстүрді үйретіп, отбасының рухани тірегіне айналатын. Қазіргі уақытта сол рөл әлсіреп, үлкендердің тәрбиелік ықпалы бұрынғыдай бола бермейді.

Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында бірқатар педагог-ғалымдар бірігіп «Даналық мектебі» атты бастама көтерген. Бұл жоба аясында оқушылар мен студенттерге ұлттық құндылықтарды насихаттау, халқымыздың рухани мұрасын таныстыру бағытында түрлі кездесулер мен іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Ғылыми-әдістемелік тұрғыдан жүзеге асырылатын бұл жұмыстар жастардың бойына ата-бабадан қалған тәлім-тәрбиені сіңіруге бағытталған.

Сараш Қоңырбаеваның айтуынша, әр отбасы үшін бала тәрбиесі, ұрпақ өсіру, білім беру, кәсіби қалыптасуына жол ашу сияқты құндылықтар ерекше маңызға ие. Бүгінде мемлекет те отбасы институтын нығайтуға, оның әлеуметтік әлеуетін арттыруға бағытталған түрлі бағдарламаларды іске асырып келеді. Соған қарамастан материалдық қолдауды қажет ететін отбасылар әлі де бар.

Сонымен қатар қоғамда жаңа үрдістер де байқалады. Кейбір адамдар жас көрінуге ұмтылып, өздерін «әже» немесе «ата» деп атауға ыңғайсызданады. Алайда уақытты қабылдап, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беру үлкен буынның маңызды міндеті екенін ұмытпау керек. Өйткені бұрынғы ата-әжелер мектебі – тәрбиенің қайнар көзі болған.

Бүгінде интернет пен ақпарат кеңістігі кеңейген заманда жастар да білімге құштар, көзі ашық болып өсіп келеді. Сондықтан оларға ұлттық рухани құндылықтарды түсіндіру, салт-дәстүрді дәріптеу аса маңызды. Бұл бағытта қоғамда түрлі бастамалар жүзеге асырылып, отбасыдағы әке мен ананың тәрбиедегі рөліне ерекше мән беріліп отыр. Отбасындағы бірлік пен дұрыс тәрбие – болашақ қоғамның берік негізі.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар