Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Референдум-2026

Отбасылық құндылықты нығайту — ана мен баланы қорғаудан бастау алады

Отбасылық құндылықты нығайту — ана мен баланы қорғаудан бастау алады
Фото: автор мұрағатынан
Қоғамдағы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасы институтын нығайту және жастарға дұрыс тәрбие беру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.

Осы бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты Алматы қалалық «Аналар кеңесі» жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Ұйым қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау, ұлттық салт-дәстүрді насихаттау, сондай-ақ ана мен баланы қорғау мәселелеріне де ерекше назар аударып отыр.

Алматы қаласы «Аналар кеңесінің» төрайымы Махинур Исраилованың айтуынша, кеңес түрлі этномәдени бірлестіктерді біріктіріп, қоғамдағы ынтымақтастықты нығайтуға күш салады.

«Аналар кеңесі» атына сай қоғамдағы ұлттық құндылықтарды, ынтымақтастықты дамытуға барынша күш салады. Ұйымға қаламыздағы 36 этномәдени бірлестік кіреді. Біз Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында жүзеге асырылатын жұмыстарға белсенді қатысып, бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан көп ұлтты халықтың татулығын сақтауға үлес қосып келеміз», – дейді Махинур Исраилова.

Кеңес мүшелері отбасының қоғамдағы рөлін арттыру, жастарға тәлім-тәрбие беру және рухани құндылықтарды насихаттау бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Соның ішінде мектептер мен колледждерде нашақорлықтың алдын алуға арналған акциялар өткізіліп, жастармен ашық пікірталастар жүргізіледі.

«Біз рухани құндылықтарды дәріптеу дегенде осындай шаралар арқылы жас ұрпақтың санасына әсер еткіміз келеді. Өйткені зиянды әрекеттердің алдын алу арқылы саналы ұрпақ тәрбиелей аламыз. Жастарға салт-дәстүрін, мәдениетін, рухани құндылықтарын түсіндіру – біздің басты міндетіміз», – дейді кеңес төрайымы.

Сонымен қатар «Аналар кеңесі» жыл сайын «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Қарттарға құрмет», «Ерекше балаларға қамқорлық», «Тілге құрмет» сияқты әлеуметтік-тәрбиелік маңызы бар жобаларды жүзеге асырады. Мұндай бастамалар қоғамда ана мен баланы қорғау, отбасы құндылықтарын дәріптеу және үлкенге құрмет көрсету мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Махинур Исраилованың айтуынша, қазіргі таңда ата-аналардың балаларының интернет пен әлеуметтік желідегі әрекеттеріне жеткілікті көңіл бөлмеуі де алаңдатарлық мәселе. Сондықтан жастармен ашық диалог орнатып, олармен заманауи коммуникация құралдары арқылы жұмыс істеу маңызды.

 

«Отбасының рөлі әлсіреген кезде бала сыртқы ортаның ықпалына тез бейімделеді. Сондықтан біз жастармен олардың тілінде сөйлесіп, дұрыс бағыт көрсетуіміз керек. Ұрпақтар сабақтастығы сақталса ғана қоғамның болашағы берік болады», – дейді ол.

 

Аналар кеңесі алдағы уақытта да ұлттық құндылықтарды насихаттау, отбасы институтын нығайту, сондай-ақ ана мен баланың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек. Себебі берік отбасы мен тәрбиелі ұрпақ – мемлекеттің жарқын болашағының кепілі.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар