Ержан Мырзабаев: Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид — қоғам дерті
- автор kyn.kz
- Бүгін, 10:58
- 891
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мәліметіне сәйкес, елде жыл сайын 100-ден астам кәмелетке толмаған жасөспірім суицид жасайды, ал 300-ден астам суицид әрекетітіркеледі. Сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдайлар көбіне 14–17 жас аралығында байқалады. Негізгі себептердің қатарында отбасындағы түсініспеушілік, мектептегі буллинг, жалғыздық сезімі және әлеуметтік желілердегі психологиялық қысым аталады.
Бұл мәселе жөнінде бала психологиясы бойынша маман, психолог Ержан Мырзабаевжасөспірімдердің ішкі күйін дер кезінде түсінудің маңызын атап өтеді.
Журналист: Соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы суицид неге өзекті мәселеге айналып отыр?
Ержан Мырзабаев: Жасөспірім кезең – адамның тұлғалық қалыптасуындағы ең сезімтал кезеңдердің бірі. Бұл уақытта бала өзін қоғамда, достарының арасында қалай қабылдайтынын қатты сезінеді. Егер ол қолдау көрмесе немесе үнемі сынға ұшыраса, оның психологиялық тұрақтылығы әлсіреуі мүмкін. Сонымен қатар қазіргі кезде әлеуметтік желілердегі қысым мен салыстыру мәдениеті де балалардың өзін бағалауына кері әсер етіп отыр.
Журналист: – Ата-аналар баланың қауіпті жағдайда екенін қалай байқай алады?
Ержан Мырзабаев:
Әдетте бала мұндай ойларын тікелей айтпауы мүмкін. Бірақ мінез-құлқындағы өзгерістер маңызды белгі болуы мүмкін. Мысалы, бұрын белсенді бала тұйықталып кетуі, достарымен араласуды тоқтатуы, сабаққа қызығушылығы төмендеуі немесе үнемі шаршаңқы жүруі. Мұндай жағдайда ата-ана баланы кінәламай, онымен ашық сөйлесіп, сенімді атмосфера құруы керек. Егер жағдай күрделі болса, кәсіби психолог көмегіне жүгінген дұрыс.
Мамандар тәжірибесінде мұндай жағдайлардың алдын алуға болатын мысалдар да кездеседі. Мәселен, Павлодар қаласындағы мектептердің бірінде 16 жастағы оқушы ұзақ уақыт бойы сыныптастарымен араласпай, сабақ үлгерімі күрт төмендеген. Сынып жетекшісі мен мектеп психологы баламен жеке жұмыс жүргізіп, ата-анасына да кеңес берген. Нәтижесінде жасөспірімнің эмоционалдық жағдайы жақсарып, ол мектептегі үйірмелерге қайта қатыса бастаған.
Сарапшылардың айтуынша, суицидтің алдын алуда ең маңыздысы – баламен тұрақты байланыс, сенімді әңгіме және психологиялық қолдау. Бала өзін түсінетін адамдар бар екенін сезінген кезде, ол қиындықпен жалғыз қалмайды. Ал дер кезінде көрсетілген қолдау бір адамның ғана емес, тұтас бір отбасының болашағын сақтап қалуы мүмкін.



