Наурыз мейрамына орай қазақстандық әуекомпаниялар қосымша 160 рейс орындайды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ведомствоның мәліметінше, наурыз айындағы мерекелік күндер қарсаңында қазақстандық әуекомпаниялар ішкі рейстер санын көбейтіп жатыр.
Мысалы, Air Astana және FlyArystan 2026 жылғы 16-29 наурыз аралығында ел ішіндегі сұранысқа ие бағыттар бойынша қосымша 146 рейс ұйымдастырады. Оның 80-і Алматы – Астана бағытына тиесілі.
Сонымен қатар Алматы, Астана және Ақтау қалаларынан Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Қарағанды, Қостанай, Семей, Ақтау, Атырау, Өскемен және Орал қалаларына қосымша рейстер жоспарланған.
SCAT әуекомпаниясы 19-21 наурыз аралығында Алматы – Астана бағыты бойынша 5 рейс, Шымкент – Ақтау бағыты бойынша 1 рейс ашады. Сондай-ақ 23-26 наурыз аралығында Алматы – Астана бағыты бойынша тағы 4 рейс, Шымкент – Астана және Ақтау – Астана бағыттары бойынша бір-бірден рейстен қосылады.
"Қосымша рейстердің ашылуы ел ішінде қатынауды жеңілдетіп, азаматтардың мереке күнгі сапарларын жоспарлауына мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.
Жолаушыларға әуекомпанияларының ресми сайттарынан қосымша рейстер туралы ақпаратты алдын ала тексеріп, билеттерді ертерек рәсімдеу ұсынылады.



