Тістері босап, миы шайқалған: Түркістан облысында бір топ жігіт дүкен сатушысы мен інісін сабап кеткен
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 08:46
- 40
Түркістан облысында бес жүз теңге үшін бір топ жігіт сатушыны інісімен бірге сабап, дүкенді қиратып кеткен. Даудың басы темекі алуға келген адамның ескі ақшаны беруінен басталыпты. 30 жастағы азамат жарамсыз купюраны қабылдаудан бас тартқаным үшін таяқ жедім дейді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілетеме жасап.
12 наурыз күні дүкен иесі Алмасбек Әліпбайтегі кассада тұрған.кешкі сағат сегіздер шамасында екі жігіт келіп, темекі алмақ болған. Бірақ берген 500 теңге купюра жарамсыз болғандықтан қабылдай алмаған.
“Мен балаларға түсіндіріп айттым. Балалар, мына 500 теңге өтпейді. Жарамсыз болып қалған. Түтіліп кеткен. Жарамай қалған. Оны қайтарымға алмайды” деп түсіндіріп жатсам, “қалай сонда алмайды” деп ұрыс-керіс бастады. Қазір ағаларымызды шақырып келіп, бетіңді таптап кетеміз деді”, – дейді жәбірленуші.
Алмасбек айтылған сөзді көңіліне алмаған. Алайда қамсыз тұрғанында жол үстіндегі дүкенге бір топ бала кіріп келіпті. Үшеуі есікті жауып, төртеуі оған жабылған. Қолын қайырып, еден жуатын таяқпен кезектесіп желке мен басымнан есімнен танғанша ұрды деп отыр. Бауырын арашалауға келген 11-ші сыныпта оқитын інісін де аямаған. Тістері босап, миы шайқалып, қабырғасы зақымданған жігіттер полиция арызды әрең дегенде алды деп ашынады.
“Анықтаушылар мен емханада жатқанымда келген жоқ. Шулап жүріп, “ей, келсеңші, бірдеңе ал, арыз қабылда” дедік. Хал-жағдайды сұрау керек қой негізі. Өлейін деп жатқан адамнан да келіп сұрайды ғой негізі. Ондай болған жоқ. Кейіннен бесінші күні келіп, маған күдікті ретінде келді. Мені күдікті қылып жіберді. Маған күдікті деген қағазды беріп, күдікті емеспін деп жазып бер деп қағазды толтырып, менің арызымды да қабылдамай кетті”, – дейді Алмасбек Әліпбайтегі.
Полиция бөліміне бес күн бойы барған жәбірленушілер ақыры арызды өткізе алмадық деп отыр. Амалы таусылған ағайындылар әлеуметтік желіде жанайқайын жеткізген. Құзырлы орган содан кейін бір-ақ қимылдады дейді.
“Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел іздестіру шаралары барысында оқиғаға қатысушылар анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта “бұзақылық”, яғни “адамдар тобы жасаған қылмыс” бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деп мәлімдеді Түркістан облысы полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Мұхтар Сейділдаев.
Жәбірленушілер жабылған топтың бүгінде екеуі ғана ұсталғанын айтады. Ал қалғандарының не жауапқа тартылмай, не қамауға алынбай бостандықта жүргеніне наразы. Сондай-ақ олар қылмыстық істің бұзақылықтан бөлек, тонау, адам денсаулығына зиян келтіру баптарымен де тергелуін талап етеді.



