Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Күдікті күзет бақылауында ем қабылдап жатыр: полиция үш адам қаза тапқан жол апатына қатысты жауап берді

Күдікті күзет бақылауында ем қабылдап жатыр: полиция үш адам қаза тапқан жол апатына қатысты жауап берді
Сурет: ПД
Алматыда үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты мән-жайы белгілі болды.

Алматы полициясы 21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апатына және аман қалған жүргізушіге қатысты пікір білдірді, деп  хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі “Казинформ” порталына сілтеме жасап.

Полицияның мәліметінше, ZEEKR көлігінің жүргізушісі даңғыл бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.

Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.

Үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысы бар Zeekr көлігінің жүргізушісі қазір медициналық мекемеде күзет бақылауында ем қабылдап жатыр. Оның жағдайы тұрақталғанда, уақытша ұстау изоляторына жеткізіледі.

Әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасы бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 4-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша ең қатаң жаза  – 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Сондай-ақ, жүргізушіге алкогольдік мас күйде болған-болмағанын анықтау үшін медициналық сараптама тағайындалды. Бұдан бөлек, жол қозғалысы ережелерін бұзудың басқа да деректері бойынша әкімшілік іс қозғалған.

Ресми емес мәліметтерге сенсек, Zeekr көлігінің жүргізушісі басқа көлікпен жарысқан.

“Оқиғаға қатысқан және оның қатысы бар барлық тұлғалар анықталды. Әрқайсысына әкімшілік іс қозғалды, материалдар сотқа жіберілді, көліктер айып тұрағына қойылды. Ешкім жауапкершіліктен қаша алмайды”, – деді Алматы ПД бастығының орынбасары Рустам Шарибаев.

Барлық бейнебақылау камераларының жазбалары, соның ішінде жеке камералардағы жазбалар да алынып, іс материалдарына тіркелген. Қазір олар егжей-тегжейлі зерттеліп жатыр.

Ведомстводағылар тергеу ерекше бақылауда екенін және толық көлемде жүргізіліп жатқанын айтты. Олар азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге және жалған ақпарат таратпауға шақырды.

Еске салайық, Zeekr көлігінің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар