«Шанышқыны газға қыздырып, аузына басқан»: Шымкентте өз балаларын қорлаған әйел ата-ана құқығынан айырылды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:37
- 20
Шымкентте төрт баласының денесіне жарақаттар салып, қорлаған әйел өз ата-ана құқықтарынан шектелді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Шымкенттегі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған аралас ауданаралық сотта қала білім басқармасының арызы бойынша осы балалардың анасының ата-ана құқықтарын шектеу және алимент өндіру мәселесі қаралды.
Сот әйелдің кәмелетке толмаған балаларға қатыгездік жасағанын анықтады.
Ал балалардың әкесі табыс табу үшін Францияға жұмысқа кеткен, ол болған оқиғалардан хабардар болды. Ал бала құқықтары жөніндегі уәкілдің мәліметінше, 4 және 1 жастағы кенже балалар мемлекет қамқорлығына алынған.
“Сот Қазақстан Республикасы “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” Кодексінің талаптарын және балалардың мүдделерін ескеріп, талапты қанағаттандырды”, – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Әйелге қатысты балаларға қатыгездік пен азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс жүргізіліп жатыр.
Бұл оқиғадан кейін балалар әжелерімен бірге ауруханада ем қабылдады.
“Ол балаларды қатты ұрып-соғып жүрді, үтікпен күйдірді, темір заттармен сабады. Қошқарата өзеніне апарып, суық суға батырып, кейін үйге қайта әкеліп, ваннада да солай істейтін. Шаштарын қиып, жұлып тастайтын. Бірнеше жерінен сіріңкемен күйдірген. Шанышқыны газға қыздырып, сонымен балалардың аузын күйдіріпті. Немерелерім түнде жылап: “Ұрма, ұрма” деп жалынатын”, – дейді балалардың әжесі Мұхаббат Ергешова.
Балалар мектепке бармағаннан кейін ұстаздары үйге тексеруге барған. Сол кезде дереу полицияға хабарлаған.
Еске салсақ, осы жылы қаңтарда желіде денесінде ауыр жарақаттары мен күйіктері бар балалардың видеосы тараған болатын. Кейінірек балаларға бұны туған анасы салғаны белгілі болды.


