Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Қазақстандық ана ұлының қалай есірткі жеткізушіге айналып кеткенін айтып берді

Қазақстандық ана ұлының қалай есірткі жеткізушіге айналып кеткенін айтып берді
ЖИ
Көпбалалы ана: балаларыңыз жеткізуші болып көп ақша тауып, әсіресе түндерде жұмысқа шықса сезіктене беріңіздер.

Қазақстандық көпбалалы ана  баласының есірткі сатып, қылмыстық іс арқалап, қамалып кетеді деп еш ойламаған. Бірақ, бұл жағдай басына ауыртпалық болып түсті. Бірақ, ана жүрегі үмітсіз болмайды, баласының отбасына аман-сау оралатынына сенімді. Айжан апа (Есімі өзгертілген) басынан өткен жағдай өзгелердің де отбасында орын алмасын деген мақсатпен KYN.KZ  тілшісіне ашық сұхбат берді.

КYN.KZ: Неше баланың анасы боласыз?

Айжан апа: Мен он құрсақ көтеріп, сегіз балам аман-сау өмірге келді. Қазір төрт үлкен балам отбасыларын құрған. 3 қыз, 5 ұл баланың анасымын. Күйеуім он жыл бұрын өмірден өтті. 3 Қызым тұрмыста. Бір ұлым келін түсіріп, қара шаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Қалған төртеудің біреуі жазасын өтеуге кетті. Екі бала оқу оқиды, ең кенжем мектеп оқушысы.

КYN.KZ: Жазасын өтеуге кетті деген ұлыңыздың басынан өткен жағдайға тоқталыңызшы. Бұл қайғылы жағдайға не себеп болды, қалай білдіңіз?

Айжан апа: Біз мал, егін шаруашылығымен айналысатын қарапайым отбасымыз. Жолдасым өмірден өткеннен кейін отбасымды асырау, қыздарымды ұзатып, ұлымды үйлендіру өзімнің мойнымда қалды. Оларды барымша оқыттым. Екі қыз мектеп бітіргенде-ақ маған салмақ болғылары келмеген болар тұрмысқа кетті. Олардың қуанышына салтанатын жарастырмасам да ауыл-елім бірігіп, амалын тауып, жоқтан бар етіп дүниесін бердім. Бұл ұлым Алматыға жұмыс, құрылыс жасаймын деп кетті. Алғашында маған азық-түлікке аздап ақша салып отырды. Арасында ол жұмысы тоқтап, біз оны ауылға шақырдық. Ауылда егін егіп, мал бағып, тіпті сондай шаруасы барларға көмекші болып та ақша табуға болады қазір. Бірақ ол келгісі келместен үш айдай жүрді. Тіпті тамағына ақша сұрайтын кездері де болды. Соңғы екі айда жеткізуші болып жұмысқа тұрғанын айтты. Маған тіпті 200 мың теңгелеп ақша салатын болды. Телефон арқылы сөйлескенімізде «Апа, Алматыдан үй алғым келеді. Сізді осында әкеліп қыдыртамын» деген қуанышты әңгімелерін айта бастады. Жасы 22-де еді. Екі күн хабарсыз кетті. Содан олициядан хабарласты. Химиялық есірткі деген бар екен, соны жеткізіп жүріпті деген айтылды. Қолымызда барды алып, Алматыға жеттік үлкен ұлмен бірге. Балам бәрін мойындап тұр. «Мен жеткізуші болдым. Кейіннен ғана оның есірткі екенін білдім. Жұмыстан шығамын дегенде «өзіміз сені полицияға ұстатамыз» деп қорқытты» деп айтып отыр. Өзі бізге «Ақшаларыңды құртып, заңгер, адвокат жалдамаңдар. Не болды бәрін мойындаймын. Қалай үкім шығарса да дайынмын» деді. Ана жүрегі қойсын ба, баламды жамандыққа қимай, әлі жылап жүрмін.

КYN.KZ: Ұлыңыз неше жылға қамалды?

Айжан апа: 7 жылға сотталып кетті. Оны қадағаламағаныма мен өкінемін. Осы іске басын сұққанына өзі де өкінеді. Қазір ол жақта тәртібі жақсы. Жұмыс істейді. 4 жыл мерзімі қалды. Телефонмен сөйлескенде өмірге қызығушылығы азаймағанын түсіндім. Соған шүкір деймін. Шыққаннан кейін тек адал жолмен мал табамын деп отыр.

КYN.KZ: Неге сіз өз басыңыздағы қиындық өзгелерге сабақ болуы керек деп ойладыңыз?

Айжан апа: Кез-келген ананың жүрегі негізі сезеді. Мен ұлым аптығып, маған айына 200 мыңдап ақша салғанда аздап сескенгенім бар. Телефонмен сөйлесіп, жүрегім сезсе де енді жас адам, қалада жүр, мүмкін жақсы сондай адал адамдарға жолығып, еңбегінің өтеуі осылай бағаланып жатқан шығар дегенге өзім бұрмалай бердім. Іштей ұлымның университет оқымағанын, мектепте де үздіктер қатарында болмағанын біліп тұрсам да жақсылыққа жори бердім. Ана ретінде ұлыммен жақынырақ сөйлескенімде, ішкі қорқынышымды бөліскенімде, ақшадан таршылық көрсетпегенімде балам қазір қасымда отыратын ба еді деген өкінішім бар. Ата-аналар балаларын есейіп кетсе де қадағалап, ақылдасып, ішкі жан дүниесін түсініп отырса екен деймін.

Қазақстан бойынша жылына есірткі саудасы бойынша 4-5 мың адам қауауға алынады. Мысалы өткен 2025 жылы 5 мың адам түрмеге тоғытылған. Оның ішінде 1200 адам сол есірткіні жеткізуші болып жұмыс істеген. Есірткі жеткізу бойынша ұсталып, қылмысы анықталғандар 16:32 жас аралығындағы азаматтар. Олардың ішінде ер адамдардың үлес салмағы басым.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар