Қазақстандық әскерилер шетелдік әріптестерімен қай бағыттарда тәжірибе алмасатыны айтылды
- автор kyn.kz
- 3 қаңтар, 2026
- 1.8k
Қазақстан Республикасы қорғаныс күштері көптеген алыс-жақын көршілес елдермен әскери қатынаста. Біздің ел алдымен дипломатиялық қарым қатынасты қолдайды. Дегенмен, әр елдің қауіпсіздігі мен тыныштығының кепілі боларлық әскері бар. Қазақстандық әскери күштердің өзге елдермен тәжірибе алмасуы, қарым-қатынасын білу мақсатында KYN.KZ тілшісі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы Олжас Сағындықұлы Құсаиновқа бірнеше сұрақ қойып, жауабын алған еді.
Қорғаныс күштерінде жалпы халыққа ашуға болмайтын жайттар бар. Олжас Сағындықұлы әрине бөлісуге болатын ақпараттарын ашылып айтты. Мұның өзі әр қазақстандықтың қамқорлықты сезінуіне, өзін қорғайтын мемлекеті, қарулы күштері барына арқа сүйеуіне болатынының дәлелі.
"Қазақстан бейбіт саясат ұстанады. Ол БҰҰ жарғысын сақтап, басқа елдермен тату және белсенді ынтымақтасқысы келеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміз халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелерін шешуде белсенді ұстаным танытып, нақты үлес қосып келеді.
Сондай-ақ, БҰҰ-ның бітімгершілік қызметін және қарусыздану бастамалары мен қарулы қақтығыстарды тек дипломатиялық жолмен шешуді қолдайды.
2024 жылы Қазақстанның бітімгершілік әскері БҰҰ-ның Голан жоталарындағы миссиясына жіберілді. Қазіргі таңда қазақстандық бітімгерлер Африка мен Таяу Шығыстағы 7 миссияға қатысып жатыр.
Халықаралық ұйымдар аясында және екіжақты негізде Қазақстан Республикасының аумағында да, оның сыртында да бірлескен екіжақты және көпжақты әскери оқу-жаттығулар өткізіледі.
Қазақстан Қарулы Күштерінің даму басымдықтарына сәйкес, халықаралық әскери ынтымақтастық шаралары екіжақты және көпжақты форматта жалғасып келеді.
Сонымен қатар, басым бағыттар ретінде оқу-жаттығуларды қоса алғанда, жедел және жауынгерлік даярлық шаралары, бітімгершілік және тілдік даярлық, арнайы операция күштерін дайындау, ПВО күштері мен құралдарын дамыту, БПЛА, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және әскери-техникалық ынтымақтастық, әскери медицина, әскери білім, инженерлік-саперлік даярлық, ақпараттық және киберқауіпсіздік қарастырылады",-деді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы Олжас Сағындықұлы Құсаинов.



