Сарбаз: Әскер өмір тәртіпке, шыдамдылыққа, жауапкершілікке үйретеді
- автор kyn.kz
- 21 наурыз, 2026
- 862
Әскери әуе күштерінде борышын өтеп жүрген Татымбек Нөгербек Арыстанбекұлы отан алдындағы борышын өтеуді өзі таңдаған. Сондай-ақ, сол таңдауына бір сәт те өкінбегенін айтады. Халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанған спортшы мерзімі біткен кезде өзі қызмет етіп жатқан әскери бөлімде жұмысымды жалғастырамын,- дейді KYN.KZ тілшісіне берген сұхбатында.

«Кіші сержант Татымбек Нөгербек Арыстанбекұлы Астана қаласын Райымбек батыр атындағы 38 дисанттық шабуылдау арнайы бригадасында қызмет етемін. Әскерге өз еркіммен келдім.Бұл шешіміме бір сәт те болсын өкінген емеспін. Мен бала кезімнен спортпен шұғылданамын. 17 жыл бойы кекусинкай каратэмен айналыстым.
Ең үлкен жеңісім 2024 жылы Канаданың Монреаль қаласында өткен Әлем чемпионатында жеңімпаз атануым. Мен кеден ісі бойынша жоғары білім алғанмын. Әскери борышымды өтеу мерзімім аяқталғаннан кейін осы бөлімде қызметте қалғым келеді. Себебі мен өз мемлекетіме қызмет етуді, осы салада жетіле түсуді өзімнің басты мақсатым деп санаймын. Бізде әр күннің тәртібі бар. Күнделікті таңғы 06:00-де тұрамыз. Бір сағат бойы дене жаттығуын жасап, 07:00-де тамаққа келеміз. Тамақтың өзі сондай пайдалы әрі құнарлы.
Таңғы 08:00-де сапта тұрып Қазақстан, өзге елдерде болып жатқан әскери жаңалықтар бізге айтылады. 09:40-тан бастап сабақтарымыз басталады. Ол жерде әскери медицина, құқық сынды сабақтар болады. Түскі тамақтан кейін әуе десанттық дайындығы өтеді. Онда парашютті дұрыс жинау, күтімі деген сияқты сабақтар өтіледі. Сағат 19:00-де кешкі ас беріледі. Ұйқыға 22:00-де жатамыз. Соған дейінгі арадағы уақытты өз қажетімізге жаратамыз. Түрлі спортпен айналысуға болады»,-дейді сарбаз Татымбек Нөгербек Арыстанбекұлы.

Отбасындағы төрт баланың кенжесі үйдің үлкендері жоғары білімдерін алып, өз отбасыларын құрып үлгерді дейді. Әкесі мен анасы да жоғары білімді азаматтар екен. Ол әскерге келмес бұрын түрлі ақпараттарды көрген. Бірақ ешқайсысына сенбепті. Тіпті әскер мен ойлағаннан да жақсы екен дейді сарбаз. Сол себепті де алдағы өмірін Әуе қорғаныс күштеріне арнауды жоспарлап отыр.



