Жер бетінен жұмақ іздеп Сирияға барған оралдық әйел қанды соғысты көзімен көрген
- автор kyn.kz
- 9 наурыз, 2026
- 2.5k
Орал тұрғыны 22 жасында өз қызығушылығымен қаладағы мешітке барып, имамдардан алып діни әдебиеттер оқып жүрген. Дильнора сол жерде «Сестралармен» танысқан. «Сестра» дегені дін жолындағы әйелдер қауымы. Олар Дильнораға намаз оқуды қайта үйретіп, өздері діни кітаптар беріп таза мұсылманның қалай болу керектігін «үйретіпті».
«Мен сол кезде Аллахтан өзіме шетелдік күйеу сұрай бастадым. Аллахтың қалауымен mail.ru арқылы Кавказ ұлтының жігітін Дағыстандық азаматты таптым. Ол дәл сол кезде Пәкістанда оқып жүрген. Желі арқылы сөйлесіп жүрдік. 2011 жылы Ыстанбұл арқылы Иранға одан әрі Пәкістанға қарай жолға шықтым. Ұшақ ақысын сол болашақ күйеуім салып жіберді. Отбасымнан ешкімге ештеңе айтпадым. Тек «Құрбымның үйіне қонуға кеттім» деп айттым ата-анама. Пәкістанға келгеннен кейін күйеуіме жету үшін екі апта уақыт кетті.
Ол жақта жол жаман. Қиналып жүріп әрең күйеуіме жеттім. Алғаш көріскен күні некемізді қиып, үйлендік. Күйеуім екеуіміз Пәкістанға атқылау бастағанда Түркияға кеткіміз келді. Біз мұсылман бауырлардың көмегімен Ыстанбұлға қайттық. Пәтер жалдап әдемі тұрып жаттық. Сол елде тұрып жатқан кезде қолымда екі қызым болды. Ыстанбұл маңындағы ауылды жерде тұрып жатқан кезде мұсылман достарымыз, бауырларымыз «Сирияда жихад орнаған. Шариғат заңымен адамдар өмір сүріп жатыр. Жер бетіндегі жұмақ» деп, түрлі видеолар көрсететін. Біз соған расымен сендік, қызықтық. Жол көрсетіп, жеткізетін адамдармен келісіп, екі қызымды қолымызға алып Сирияға беттедік.
Шекарадан өткен кезде-ақ, бізді дөрекі қарсы алғаннан қорықтық. Бүкіл телефон, ноудбук, ақша, флешка бәрін тінтіп алып қойды. Күйеуімді бөлек, өзімді әйелдер мен балалар тұратын жатақхана сияқты үйге жайғастырды. Күйеуім екі аптадан кейін келіп мені әкетеді деп сендім. Бірақ үш айдан кейін келді күйеуім. Түрлі адам тұрмайтын ауылдарда бос жатқан үйлерде тұрдық. Бізге айына мұсылман бауырлар азық- түлікке деп ақша беріп отырды. Қарулы атқылау болса түнделетіп басқа ауылға көшеміз, әбден қаңғырып жүрдік. «Бізге мына жер ұнамады, кетеміз» деп айтуға қорықтық. Бірге барған мұсылман бауырлар арасында бірден кері қайтып, қашып кеткендер болды.
Олардың біразын өлтіріп тастады. Сондай қастандықтан қорқып, ойымызды да айтпадық. Сирияда жүріп тағы бір ұл, бір қызым дүниеге келді. Күйеуім балалардың болашағы үшін адамдардан сұрап Ыстанбұлға қайтатын жол іздей бастады. Бір кісіні тапқан. Ол «Қазірше тек әйелдерді шығара аламын» деді. Күйеуім мені төрт баламен сол кісіге өзге мұсылман әйелдермен бірге қосып жіберді. Ол адамдар алаяқтар болып шықты. Жазық далаға бізді тастап кетті. Қолымда ең кішісі 1 айлық балам және ересектеу болып қалған үш қызым болды. Қарасақ Күрттердің шекарасына жақын маңда екенбіз. Бір түн далада түнеп, тәулік бойы жүріп шекараға жеттік.
Бас сауғалап жүргенімізді айтуға қорықтық. Балалардың қарны ашып, мазасы қашқан кезде не де болса көрерміз деген оймен бар жағдайды баяндадық. Бізді үндемей тыңдаған ер адам басшылығына барып айтып келді. Содан кейін бізге ас-су беріп өздерінің әйелдер түрмесіне жеткізді. Ол жерде жағдайымыз мәз болған жоқ. 1,5 ай сонда болдық. Бір ай бойы тіпті әжетханаға жібермей, тамақ бермей қинады. Бір бөлмеде әйелдер мен балаларды қосқанда 50 адам болдық. Тек отыратын ғана орын бар. Балалар ауырып, көпшілігінде ауа тарлығынан пневмония болды.
Балалар қатты ауырды, дәрі бермейтін. Кей әйелдерді тергеу кезінде ұрып соғып, тоққа салды дегенді де естідім. Менде ондай болмады. Ақырында бізді Сирия әуежайына жеткізіп, таза киім беріп, тамақ беріп Ресейдің журналистері сұхбаттар алып, көмек қолы созылды. Сириядан Грозныйға ұштық. Сол әуежайда 2 күн болдым. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің өкілдері келіп, маған уақытша құжат жасап берді. Содан Астана арқылы Оралға еліме келдім»,-дейді әйел.
Дильнора Сирияға барғанына 3 ай болған кезде өз ата-анасына хабарласқан. Туыстары уайымдап, қыздарын барынша іздеген. Ал Дильнора «ата-анам ұрысады» деп қорқып хабарласпай жүріпті.
«Басында шетелге болашақ күйеуімді іздеп бара жатқанымды айтсам, ата-анам мені 100 % жібермейтін еді. Сол себепті де қашып кетуге мәжбүр болдым. Қасымдағы қыздар «София, ата-анаңа айтқаның дұрыс» дегенде ғана қоңырау шалып, өзімнің тірі екенімді, күйеуге шыққанымды, қызым барын, мұсылман ортада есімімді София деп ауыстырғанымды айттым. Ата-анам табылғаныма қуанып кетті. Оралға келген кезімде де ешқашан бетіме басқан емес. Үйіме 4 баламмен кіріп келдім. Ата-анам тірі болғаным үшін, үйге аман-сау оралғаныма шүкір етті. Көпшілік менің 8 жыл өмірімді Сирияда бас сауғалап, елге келе алмай өмірім өткенін білмейді.Тек жақын бауырларым ғана біледі»,-дейді төрт баланың анасы.
Дильнора елге келгеннен кейін өзінің құжаттарын, балаларының туу туралы куәліктерін жасатқан. Төрт баланың әкесі сол бойы Сирия елінен шыға алмағанға ұқсайды. Өйткені оның тіпті тірі екені жайлы Дильнорада ақпарат жоқ. Қазір көпбалалы ана ретінде мемлекеттен жәрдемақы алады. 2017 жылдан бері өзі өскен қалада тұрып жатыр екен. Ол жастарға, дінге қызығып жүргендерге Жихад, жер бетіндегі жұмақ атаулыға сенбеу керектігін ескертеді.
Қазақстанда арнай жүргізілген «Жусан» операциясымен 600-ден асатын қазақстандық елге оралды. Олардың 40 шақтысы ер адам. 160-қа жуығы әйелдер. Қалғанының барлығы балалар. Олардың көпшілігі ата-анасынан айырылған жетімдер.
Ересектердің арасынан 50-ге тарта адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, абақтыға жабылды. Ал балалардың құжаттары жөнделіп, қажетті қамқорлықпен қамтамасыз етілген.


