"Іште ыңырсыған дауыс шықты": Астанада үш бала көз жұмған өрттің мән-жайы туралы туралы куәгер айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 13 сәуір, 2026
- 57
Астанада көпқабатты тұрғын үйде болған өрт туралы көршілердің бірі баяндап берді. Айтуынша, түнде жұмыстан шаршап келген ол түтіннің иісінен оянып кеткен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оқиға туралы Аша есімді астаналық Threads парақшасында жазды.
“Түн ортасында, шамамен сағат 01:17-де оянып кеттім. Оттың шытырлаған дауысы естілді. Алғашында розетка болу керек деп ойлап, ұйқылы-ояу күйде бәрін тоқтан ажыратуға кірістім. Бірақ еш нәтиже болмады. Көзімді дұрыстап ашып қарасам, пәтер ішін түтін басып барады. Сол сәтте ыңырсыған дауыс құлағыма жетті. Дереу көршінің пәтеріне жүгіріп барып, есікті ұрдым. Бірақ ешкім келмеді. Одан кейін басқа көршілердің есігін қақтым. Ақырында ерлі-зайыпты көршілер есік ашып, түсінбей қарап тұрды. Мен: “Көршінің пәтерінде өрт шықты. Тез арада бірдеңе істеу керек, көмектесейік!” деп айғайладым ”, – дейді тұрғын.
Көп ұзамай басқа көршілер де шыға бастаған. Сөйтіп барлығы есікті ашуға тырысқан, алайда еш нәтиже бермеген.
“Өрт сөндірушілерге хабарластым. Сол сәтке дейін іште ыңырсыған дыбыс шығып тұрды. Өрт сөндірушілер пәтердің есігін біразға дейін аша алмады. Ал бізді түгелдей сыртқа шығарып жіберді. Көршілер бір-біріне хабарласып, чаттарға жазып жатты. Сол сәтте өрт сөндіру техникасының бір бөлігі үйге жақындай алмай тұрғанын байқадық. Себебі бір жүргізуші көлігін дұрыс қоймай, жолды жауып тастаған. Кейін оның көлігі алынып, техникаға жол ашылды”, – дейді әйел.
Кейіннен пәтерден денесін күйік шалған әйел шығарылып, ол бірден жедел жәрдем көлігіне жеткізілген.
“Оның үш баласын сұрадық. Бізге бастапқыда балалар үйде болмағаны айтылды. Кейін үйге кіріп, қажет заттарды алып шығарда 15-қабатқа көтерілгенде баспалдақтан қан іздерін, күйген көйлектің бөлігін байқадық. Оған қоса күйік иісі шығып жатты. Дәл сол кезде үш баланың қаза тапқанын естідім. Көз жасымды тоқтата алмадым. Күн сайын сол балалардың даусын еститін едім. Сыртқа шыққанда балалардың әкесі жерде отырғанын байқадым ”, – дейді әйел.
Тұрғынның сөзінше, өрт сөндірушілер есікті ашқанға дейін балалар уланып мерт болған екен.
Еске салсақ, 12 сәуірге қараған түні Астана қаласындағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатында өрт болған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жедел жеткенімен, толып тұрған көліктерден кіре алмаған. Бір жүргізуші көлігін үйдің ауласына кіретін пандус үстіне қойып кеткен. Салдарынан өрт сөндірушілер техникасы уақытында кіре алмаған.




