Түрмеде қаза тапқан Атырау қаласы әкімінің туысы деп танылған педофилге жаназа мешіттің ауласында оқылған
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 11:49
- 45
Атырау қаласындағы түзеу мекемесінде төбелес кезінде қаза тапқан тұтқынның жасөспірімге қатысты зорлау және жасөспірімдерді азғындату бойынша жазасын өтеп жатқаны белгілі болды. Марқұмға жаназа намазы 25 наурыз күні «Иманғали» орталық мешітінде оқылып, жүздеген адам жиналған екен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Қаза тапқан азаматтың 51 жастағы Дабыл У. екені анықталды. Қақтығыс оның туған күні болған күні орын алған.
Куәгерлердің айтуынша, кезінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-бөлігі (жасөспірімге қатысты зорлау) және 124-бабы 4-бөлігі (жасөспірімдерді азғындату) бойынша 25 жылға сотталған ер адамның жаназасына қала әкімдігі қызметкерлері мен қадағалау органының өкілдері де қатысқан.
Жаназа намазынан кейін ас беру қаланың ірі іс-шараларға арналған банкет залдарының бірінде өтіпті. Кейін марқұмның денесі туған жері — Жылыой ауданының Құлсары қаласына жеткізіліп, сол жерде жерленді.
Дабыл У. ісі бойынша жәбірленушілер ретінде оның өгей қыздары — 5 және 8 жастағы екі қыз тіркелген.
Бұған қатысты қоғамда неше түрлі пікірталас туды.
Осы жағдайға пікір білдірген ҚМБД марқұмның екі өгей қызына азғындық көрсеткені үшін 25 жылға сотталған ер адам екенін ешкім білмейтінін айтты. Мәліметінше, марқұмның туыстары "Иманғали" орталық мешітіне кезекші имамның Жаназа намазын оқуын сұрап хабарласқан. Алайда оның жеке басы, өмірі, сотталғаны туралы мәлімет жоқ болған.
Сондай-ақ, дінбасылар имам жаназа намазын оқығанда «адамның өткеніне үкім шығармайтынын» және педофилдің денесін мешітке әкелмегенін де баса айтты.
"Жаназа намазы мешіт ғимаратының ішінде емес, ауласында орындалды. Артынша туыстары мәйітті өздері алды. Жаназа рәсімін ұйымдастыру кезінде мешіт қызметкерлері сол кездегі бар ақпаратты ғана басшылыққа алады және әрбір өтініш берушінің жеке мәліметтерін толық тексере алмайды", - деп хабарлады ҚМБД.
Айта кетсек, Дабыл Жәрдемұлы әкім Шәкір Кейкиннің туысы, бірақ ағасы емес.




