Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"Балалардың басынан ұрып, киімдерін жұлқылап шешкен": Павлодарда тәрбиешіге қатысты сот үкімі шықты

"Балалардың басынан ұрып, киімдерін жұлқылап шешкен": Павлодарда тәрбиешіге қатысты сот үкімі шықты
Сурет: видеодан скриншот
Сотта ол өз кінәсін толық мойындап, балалардың ата-аналарынан кешірім сұрады.

Павлодарда балабақшада балаларды ұрып, шашынан жұлған тәрбиеші сотталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Павлодарда өзі жұмыс істейтін балабақшадағы бүлдіршіндерді ұрып-соққан тәрбиешіге қатысты сот үкімі шықты. Оқиға 2025 жылдың маусым айында басталған болатын, сол кезде 3 жасар балалардың ата-аналары әлеуметтік желіде бейнебақылау камераларындағы жазбаларды жариялаған еді. Видеода тәрбиешінің киім ауыстыратын бөлмеде балаларды шашынан жұлып, итеріп, ұрып-соққаны көрінеді, осы іс бойынша барлығы 16 бала жәбірленуші деп танылды.

33 жастағы әйел балаларды тәрбиелеу міндетін дұрыс орындамау және қинау баптары бойынша айыпталды. Сотта ол өз кінәсін толық мойындап, балалардың ата-аналарынан кешірім сұрады.

Судья бейнежазбалар мен ата-аналардың жауабын зерттей келе әйелді кінәлі деп тауып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, алайда оның кәмелетке толмаған 3 баласы бар екенін және ең кішісі небәрі 5 айлық екенін ескеріп жазаны орындауды 5 жылға шегерді.

"М. есімді азаматша балабақша тәрбиешісі міндетін атқара жүріп балаларға қатыгездік танытқан, олардың басы мен қолдарынан ұрып, киімдерін жұлқылап шешкен. Балаларды орындыққа күшпен отырғызып, жұлқылаған немесе денесінің әртүрлі бөлігінен ұрған, соның салдарынан кейбір балалардың басы қатты заттарға тиген, сонымен қатар шашынан немесе құлағынан бұрап бөлме ішінде сүйрегені, сілкілеп төсекке лақтырғаны туралы фактілер бар", – деді судья.

Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша 3 баланың денесінен көгеру мен сыдырылған жарақаттар табылған.

Бұл үкіммен жәбірленушілердің ата-аналары келіспей отыр және олар шешімнің үстінен шағым түсірмекші.

"Біздің балаларымыз таяқ жеп, қатыгездік көріп қана қоймай психологиялық жарақат алды, сондықтан мұндай жеңіл жаза өте әділетсіз деп санаймыз", – деді бүлдіршіндердің аналары.

Ата-аналар моральдық шығын ретінде 10 млн теңге талап еткен болатын, бірақ сот бұл талапты ішінара қанағаттандырып сотталған әйелден жәбірленушілердің бір бөлігіне 400 мың теңгеден, ал қалғандарына 300 мың теңгеден өндіріп беруді міндеттеді.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар