Павлодарда бүлдіршіндерді ұрып-соққан тәрбиеші төрт жарым жылға сотталды
- автор kyn.kz
- Бүгін, 10:09
- 14
33 жастағы әйел төрт жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ жазасын бес жылдан кейін өтейді, деп жазды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
"Сот Мүскен Жанель Жұмабайқызын кінәлі деп танып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру және 3 жыл мерзімге педагогика қызметімен айналысу құқығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда сотталушының кәмелетке толмаған үш баласы барын, ең кішкентайы бес айлық нәресте екенін ескере отырып, жазаның орындалуы бес жылға шегерілді",-деді судья Жұлдыз Камалова.
Былтыр маусымда бейнебақылау камерасына тәрбиешінің балаларды басынан ұрып, киімін жұлқып шешіп жатқан сәті түсіп қалған. Әйел бүлдіршіндерді орындыққа күштеп отырғызып, әр жерінен ұрған. Тіпті балаларды шашынан, құлағынан тартып, бөлмеге сүйреп, сілкілеген. Кейбірін кереуетке лақтырған. Жәбірленуші үш жасар 16 бүлдіршін танылды. Сотталушы зардап шеккендерге моральдық зиян ретінде 300 және 400 мың теңгеден өтеуге де міндеттелді. Алайда сот үкіміне ата-аналардың көңілі толмады.




