Қазақстандықтар зейнетақы қорындағы жинағынан айырылды: Ұлттық банк түсініктеме берді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:59
- 34
Сенатта өткен брифингте Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабековаға қазақстандықтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақтарына доллар бағамының төмендеуі қаншалықты әсер ететіні туралы сұрақ қойылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, Қаңтардан наурыздың аяғына дейін теңге долларға шаққанда шамамен 5,5 пайызға нығайған.
"Инвестициялық активтердің белгілі бір бөлігі, яғни шамамен 40 пайызы әртараптандыру мақсатында шетел валютасына салынғанын білесіздер. Қаңтардан наурыздың аяғына дейін теңге долларға шаққанда шамамен 5,5 пайызға нығайды. Бұл БЖЗҚ-ның инвестициялық табысының төмендеуіне әкеп соқты. Нақты наурызда инвестициялық табыс 240 миллиард теңгеге азайды", - деп жауап берді Әлия Молдабекова.
Ол жыл басынан бері инвестициялық табыстың оң екенін атап өтті.
"Сондай-ақ зейнетақы активтерінің кірістілігін қысқа мерзімді кезеңмен, яғни әр апта немесе әр ай сайын өлшеуге болмайтынын айтқым келеді. Бұл - ұзақ мерзімді жинақ. Сондықтан біз зейнетақы активтері бойынша олардың ұзақ мерзімді кірістілігін негізгі бағдар деп санаймыз", - деп толықтырды Ұлттық банк төрағасының орынбасары.



