Астаналық оқушы әр қазақстандықтың қанша су тұтынатынын есептейтін интерактивті платформа әзірледі
- автор kyn.kz
- Бүгін, 11:08
- 47
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жобаның авторымен және оған жетекшілік еткен №91 мектеп-гимназиясының педагогтерімен кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ пен Жәңгір Әбуовтың ата-анасы арасында «Су ізі» бағдарламасын әзірлеу бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжат интерактивті платформаны жетілдіру және енгізу бағытында бірлескен жұмысты көздейді.
«Су ізі» платформасындағы есептеулер пайдаланушылардың күнделікті әдеттерін ескере отырып жүргізіледі. Оған тұрмыста және тамақтану кезінде су тұтыну, сондай-ақ су ресурстарын жанама пайдалану кіреді. Жүйе енгізілген деректерді автоматты түрде өңдеп, су тұтынуды азайтуға және күнделікті өмірде су үнемдеу тәжірибесін енгізуге бағытталған жеке ұсыныстар жасайды.
Жобаның тең авторы - №91 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Адият Шадияр балалар арасында су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған қысқаметражды бейнероликтер сериясын ұсынды. Бұл роликтерде «Тамшы» анимациялық кейіпкері су ресурстарын ұтымды пайдаланудың маңызын қолжетімді түрде түсіндіріп, тұрмыста суды үнемдеудің қарапайым әрі тиімді тәсілдерін көрсетеді.
Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы мен оқушының ата-анасы осы ақпараттық материалдарды тарату жөнінде ынтымақтастық туралы келісімге де қол қойды.
Су ресурстары және ирригация министрі №91 мектеп-гимназиясы оқушылары әзірлеген жобаны жоғары бағалап, сондай-ақ педагогтер мен ата-аналардың өскелең ұрпақ арасында су үнемдеу мәдениетін қалыптастырудағы үлесін атап өтті.




