Биыл біржолғы төлемдерге шамамен 32,9 мың адамға (оның ішінде тыл еңбеккерлеріне, қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне, жарақат пен зақым салдарынан мүгедектік алған азаматтарға және басқа да санаттарға) 3,3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Ерекше назар Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне аударылды. Қазіргі таңда Қазақстанда 57 ардагер тұрады. Олардың әрқайсысына тұрғылықты өңіріне қарамастан 5 млн теңгеден төленді.
Ардагерлерге көрсетілетін материалдық қолдау деңгейі бойынша Қазақстан аймақтағы жетекші елдердің бірі саналады. Елдегі төлем көлемі көрші мемлекеттердегі көрсеткіштерден едәуір жоғары. 2026 жылы республикадағы майдангерлерге берілетін біржолғы көмек 5 млн теңгеге жетсе, Өзбекстанда бұл төлем 30 млн сумды (шамамен 1,1 млн теңге), ал Беларусьте 5 мың беларусь рублін (шамамен 715–825 мың теңге) құрады.

Ресей Федерациясында 10 мың рубль көлеміндегі федералдық төлемнен бөлек (шамамен 61 мың теңге), өңірлік үстемақылар қарастырылған. Мәселен, Мәскеу мен Мәскеу облысында төлем 70 мың рубльге дейін жетеді (шамамен 430 мың теңге). Алайда осы қосымша төлемдерді есепке алғанның өзінде жалпы көмек көлемі Қазақстандағы көрсеткіштен бірнеше есе төмен. Бұл қазақстандық ардагерлердің ерекше мәртебесін айқындап, оларды әлеуметтік қорғауға бағытталған мемлекеттік саясаттың жүйелі сипатын көрсетеді.
Қаржылай қолдаудан бөлек, мереке дәстүрлі түрде әрбір қаһарманға деген жеке құрметпен толықтырылады. Президент бірнеше рет атап өткендей, ел жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігі мен еңбегін әрдайым қастерлейді. Мемлекет жанқиярлық пен батылдықтың шынайы үлгісін көрсеткен батырлардың есімін қасиетті мұра ретінде сақтайды.




