Тоқаев Ердоғанды "Қожа Ахмет Ясауи" орденімен марапаттады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:34
- 39
Бүгін Астанада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанды «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Қожа Ахмет Ясауи атындағы мәртебелі орденнің тұңғыш иегері екенін атап өтті.
Сондай-ақ Қазақстан президенті «Қожа Ахмет Ясауи» атындағы орденнің тарихын айтып берді.
«Әзірет Сұлтан түркілік рух пен ислам өркениетін үйлестіре білді. Оның мәдени мұрасы Ұлы далада ғана емес, Анадолы жерінде де өшпес із қалдырды. Түркі әлеміне ортақ көптеген ғұламалар Әзірет Сұлтанның ізбасары саналады. Осы тұста әйгілі Юнус Эмрені ерекше атап өткеніміз жөн. Тұғырлы тұлғаның туындыларынан Ясауи ілімінің ықпалын анық көруге болады. Осындай үндестік қазақтың бас ақыны – хакім Абайдың шығармаларынан да байқалады. Түптеп келгенде, ұлы ғұламаның ғибратты жолы ұлтқа бағдар, ұрпаққа өнеге екені сөзсіз. Мен Ұлыстың ұлы күнінде киелі Түркістанға арнайы барып, Әзірет Сұлтан рухына құран бағыштадым. Сол сапарымда мемлекеттік наградалар қатарына Қожа Ахмет Ясауи орденін енгізу туралы маңызды бастама көтердім. Бұл марапатты Қазақстанның дамуына айрықша еңбек сіңірген еліміздің және шетелдің белгілі ғалымдарына, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне табыстау қажеттігі жөнінде айттым. Соған сәйкес тиісті Заң қабылданды, арнайы Жарлыққа қол қойдым. Бұл – шын мәнінде, беделі биік, бағасы жоғары марапат. Біз бұл орденді әзірлеген кезде ашық жасыл түске басымдық бердік. Асыл дінімізде осы түстің орны ерекше. Ал оның құрамындағы күміс – тазалықтың нышаны. Бір сөзбен, бұл – Әзірет Сұлтанның ұлағаты мен тағылымын дәріптейтін марапат. Жалпы, біз өз елімізде Қожа Ахмет Ясауидің бай мұрасын жүйелі түрде және кең ауқымда зерттеу жұмысын белсенді түрде жүргіземіз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.




