Мамыр айынан бастап зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын шешіп алу қиындамақ
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 16:11
- 46
Биыл зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын шешіп алу шегі тағы көтерілуі мүмкін, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Сенат кулуарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев мәлімдеді. Айтуынша, шешім болашақта қазақстандықтардың жеткілікті зейнетақы алуын қамтамасыз ету үшін қабылданбақ.
“Шекті мөлшер міндетті түрде көтеріледі. Қазір біз тиісті есептеу жүргізіп жатырмыз. Ұлттық банк және мемлекеттік органдармен бірге оны қандай деңгейге көтеру мәселесін талқылап жатырмыз. Қазір нақты қандай деңгей болатынын айта алмаймын. Шешім қабылданған кезде міндетті түрде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлаймыз. Мұның не үшін жасалып жатқанын өздеріңіз де білесіздер. Министрлік пен зейнетақы саясатына жауапты уәкілетті орган ретіндегі біздің міндетіміз – азаматтарды қартайғанда лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету. Логикасы өте қарапайым”, – деді Ербол Тұяқбаев.
Бұл шешім мамыр айының соңына қарай қабылдануы мүмкін екенін атап өтті.


