Алматы облысында бітіру кешінде сыныптасына шампур сұғып алған оқушы 10 жылға сотталды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 16:40
- 21
Алматы облысында мектеп бітіру кешінде қаза тапқан 11-сынып оқушысы Әлібидің ісі бойынша сот шешімі шықты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Сот отырысы жабық форматта өткен. Күдікті 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың мамыр айында Долан ауылында болған. Түлектер мектеп бітіру кешін атап өту үшін коттедж жалдап, бас қосқан. Кеш барысында жасөспірімдер кәуап дайындап, кейбірі спирттік ішімдік ішкені айтылды.
Куәгерлердің сөзінше, 17 жастағы Әліби сыныптас қызға араша түспек болған. Жанжал кезінде ашуға булыққан түлек оның сол жақ кеуде тұсына шампур сұғып алған. Ол оқиға орнында көз жұмған. Марқұмның алкоголь ішпегені айтылды.
Мектеп әкімшілігі кештің оқу орнынан тыс, мұғалімдердің рұқсатынсыз ұйымдастырылғанын мәлімдеді. Соған қарамастан, қайғылы оқиғадан кейін мектеп директоры қызметінен босатылып, директордың орынбасары мен екі сынып жетекшісіне қатаң сөгіс берілген.
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мәліметінше, сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің «Көрінеу кәмелетке толмаған адамды өлтіру» бабы бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Кейін сотталушы тарап үкімге шағым түсіргенімен, Алматы облыстық соты бірінші инстанция шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Үкім 2026 жылдың 14 сәуірінде заңды күшіне енді.




