Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Астанада Erasmus+ бағдарламасының өңірлік ақпараттық күні және жоғары білімдегі жасанды интеллект конференциясы өтуде

Астанада Erasmus+ бағдарламасының өңірлік ақпараттық күні және жоғары білімдегі жасанды интеллект конференциясы өтуде
Жасанды интеллект жоғары білім беру жүйесіне жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

2026 жылғы 21–22 мамыр күндері Астана қаласындағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің алаңында Erasmus+ бағдарламасының өңірлік ақпараттық күні және «Жоғары білімдегі жасанды интеллект» конференциясы өтуде. 

Іс-шараны Қазақстандағы Erasmus+ Ұлттық кеңсесі С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетімен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Білім, мәдениет және аудиовизуалды құралдар жөніндегі Еуропалық атқарушы агенттіктің және Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту мен цифрлық шешімдерді енгізудің маңыздылығын атап өтті.

«Жасанды интеллект жоғары білім беру жүйесіне жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Ол білім сапасын арттыруға, ғылыми зерттеулерді дамытуға және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға ықпал етеді. Осы тұрғыда Erasmus+ бағдарламасы халықаралық серіктестікті нығайтып, университеттердің жаһандық білім беру кеңістігіне интеграциялануына маңызды үлес қосады», — деді Саясат Нұрбек.

Іс-шараға Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Алешка Симкич те қатысуда. Бұл Қазақстан, Еуропалық Одақ және Орталық Азия елдері арасындағы жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын айқындайды.

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры, ҚР ҰҒА академигі, профессор Қанат Тіреуов өңірлік іс-шараның университет қабырғасында өтуінің маңызын атап өтті.

«Бүгінде университеттер жаңа білімге, технологияларға және халықаралық серіктестікке ашық болуы тиіс. Жасанды интеллект, академиялық ұтқырлық және халықаралық жобалар мәселелерін талқылау бәсекеге қабілетті кадрлар даярлау үшін аса маңызды. Бұл кездесу жаңа бірлескен бастамаларға негіз болады деп сенемін», — деді Қанат Тіреуов.

Іс-шараның бірінші күні Erasmus+ бағдарламасына және оның Орталық Азия елдерінің жоғары білім беру жүйелерін дамытуға ықпалына арналуда. Екінші күні қатысушылар қазіргі білім беру саласындағы ең өзекті тақырыптардың бірі — жоғары білім беру жүйесінде жасанды интеллектті қолдану мәселелерін талқылайтын болады.

Іс-шараға офлайн форматта шамамен 300, онлайн форматта 200-ге жуық қатысушы қатысуда. Олардың қатарында министрліктер өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорлары, профессор-оқытушылар құрамы, университеттердің әкімшілік және басқарушы қызметкерлері, Erasmus+ ұлттық кеңселері, ғалымдар, сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінен Жоғары білім беруді реформалау сарапшылар топтарының — Higher Education Reform Experts, HERE — мүшелері бар.

Erasmus+ бағдарламасының өңірлік ақпараттық күні аясында қатысушыларға бәсекеге қабілетті жоба өтінімдерін әзірлеу бойынша ұсынымдар, халықаралық жобаларды іске асыру мен басқарудың практикалық тәсілдері, сондай-ақ академиялық ынтымақтастық пен ұтқырлықтың жаңа мүмкіндіктері таныстырылуда. Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындары мен ұйымдары арасындағы өңірлік серіктестікті нығайтуға, университетаралық өзара іс-қимылды дамытуға және кәсіби нетворкингті кеңейтуге ерекше назар аударылуда.

«Жоғары білімдегі жасанды интеллект» конференциясы жасанды интеллекттің Болон процесінің мақсаттары мен Еуропалық жоғары білім беру кеңістігінің қағидаттарына ықпалын талқылайтын сараптамалық алаңға айналуда. Қатысушылар ЖИ құралдарының білім беру сапасын арттырудағы, білім беру процестерін трансформациялаудағы және ғылыми зерттеулерді дамытудағы әлеуетін қарастырып, технологияларды этикалық әрі жауапты пайдалану мәселелеріне қатысты сын-қатерлерді талқылауда.

Қатысушылар Erasmus+ жобалары мен ЖИ бастамаларының көрмесіне ерекше қызығушылық танытуда. Көрмеде жоғары оқу орындары мен ұйымдар халықаралық ынтымақтастықтың табысты тәжірибелерін, цифрлық шешімдерді және инновациялық білім беру жобаларын ұсынуда. Көрме тәжірибе алмасуға, жаңа кәсіби байланыстар орнатуға және болашақ бірлескен бастамаларды талқылауға тиімді алаң болып отыр.

Екі күндік өңірлік іс-шара Орталық Азия елдерінің халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға және жоғары білім беру жүйесіне инновациялық тәсілдерді енгізуге жоғары қызығушылық танытып отырғанын көрсетеді. Erasmus+ ақпараттық күні мен жасанды интеллект конференциясы өңірлік диалогты нығайтуға, университеттердің цифрлық трансформациясын ілгерілетуге және сапаға, инновацияға әрі тұрақты дамуға бағытталған ортақ білім беру кеңістігін қалыптастыруға маңызды қадам болып отыр.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар