ҚазҰУ-да студент өлімі: марқұмның анасы ІІ курс студенттерінің әлімжеттік жасағанын айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 16:37
- 68
Туыстары кінәлілерді жазадан құтылып кете ме деп алаңдап отыр. Ал марқұмның анасы жоғары курс студенттерінің ақша жинап, әлімжеттік жасайтынын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚазҰУ-ға биыл ғана оқуға түскен Дауыл Бәкіртай 16 қараша күні көз жұмды. Алдын ала болжам бойынша, марқұм мен досын жатақханада екінші курстың 8 жігіті ұрған.
«Бірінші қасындағы баланы ұрып, ол құламаған соң, менің баламның жүрек тұсынан ұрған. Сол соққыдан кейін ол құлаған. Ал қасындағы балаға жарты сағат бойы Дауылдың аяғын көтертіп қойған. Бұның бәрін маған досы кеше аудандық ішкі істер бөлімінде айтып берді», – деді марқұмның анасы Сәуле Ордабаева.
Бұған қоса, ол жатақханада студенттерге қатысты тәртіп болғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, әкімшілік екінші курс студенттерін әр жатақханаға жауапты етіп бекіткен. Алайда олар өздерін сол жердің қожайыны санап, төменгі курстағыларға қысым көрсеткен.
«Ол жерде бір жүйе бар екен, II курс студенттерін әкімшілік әр жатақханаға арнайы қойып қойған екен. Бұлар сол жерді «ұстайды». Ал олар балаларға әлімжеттік жасайды, ақша жинайды. Қос қолмен амандасу керек, «сіз» деп сөйлеу керек деп, әлімжеттік жасайды екен. Оның бәрін балам бір күн бұрын, сіңлімнің қыздары тамаққа шақырған, сол жерде айтқан», – деді Сәуле Ордабаева.
Марқұмның достары Дауылдың бала кезінен көкпар тартып, бокспен айналысқанын, яғни, бір соққыға жығыла салатындай әлсіз бала емес дейді. Достары да Дауылды бір топ бала сабаған дегенді алға тартты.
«Дауыл өте мықты, керемет бала еді. Екеуіміз бала кезден жақсы араласамыз. Ол бір ұрғанда құлайтын бала емес. Мен оны білемін, бірге боксқа да барғанбыз. Оны шокер арқылы құлатқан болуы керек», – деді Шыңғыс Есенәлі.


