Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Әкелер одағы» Қазақстанда энергетикалық сусындарға толық тыйым салуды ұсынды

«Әкелер одағы» Қазақстанда энергетикалық сусындарға толық тыйым салуды ұсынды
видеодан скрин
Энергетикалық сусындар көптеген қазақстандықтың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналды. Оларды мектеп оқушылары, студенттер, жүргізушілер, кеңсе қызметкерлері және басқа да мамандық иелері шаршауды басу, ұйқының жетіспеушілігінен туындайтын әлсіздікті жеңу және жоғары жұмыс жүктемесіне төтеп беру үшін тұтынады. Алайда уақытша сергектік сыйлайтын бұл сусындардың адам денсаулығына тигізетін ықтимал зияны қоғам мен мемлекеттің ерекше назарын аударуды қажет етеді.

«Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге, коммерциялық мақсатта елге әкелуге, көтерме және бөлшек саудада сатуға, оның ішінде интернет арқылы саудалауға және жеткізуге толық тыйым салу туралы бастама көтерді.

Қоғамдық бірлестік өкілдерінің пікірінше, қазіргі қолданыстағы шектеулер мәселені толық шешпейді. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым салынды. Ал 2026 жылдан бастап бұл өнімдерге акциз енгізілді. Аталған шаралар нарықты реттеуге бағытталғанымен, энергетикалық сусындардың ересек тұтынушылардың денсаулығына ықтимал зиянын толық жоя алмайды.

«Бізді энергетикалық сусындарды тұрақты тұтынудың ұзақ мерзімді салдары қатты алаңдатады. Атап айтқанда, бедеулік, қатерлі ісік, жас кезде инфаркт алу және өмір сүру ұзақтығының қысқару қаупі туралы айтып отырмыз», – деді «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Күзембай Бекдайыр Нығметұлы бейнеүндеуінде.

Энергетикалық сусындар – жай ғана сергітетін өнім емес

Мамандарды алаңдататын негізгі мәселе – энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин мен басқа да сергітетін заттардың жоғары мөлшері.

Ғылыми зерттеулер энергетикалық сусындарды тұтыну қан қысымының жоғарылауына және жүректің электрлік белсенділігінің өзгеруіне әкелуі мүмкін екенін көрсетеді.

Атап айтқанда, 2024 жылы Nutrition Reviews ғылыми журналында жарияланған 17 рандомизацияланған зерттеуге жасалған метаталдау энергетикалық сусындарды тұтынғаннан кейін ересектердің қан қысымы жоғарылайтынын анықтаған.

Тағы бір маңызды мәселе – сусын құрамындағы қант мөлшері. Көлемі шамамен 400 миллилитр болатын кейбір энергетикалық сусындарда 100 грамға жуық қосылған қант болуы мүмкін. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған тәуліктік бос қант тұтыну мөлшерінен едәуір жоғары.

Қантты шамадан тыс әрі тұрақты тұтыну семіздікке, зат алмасу жүйесінің бұзылуына және қант диабетінің даму қаупіне байланысты.

Сонымен қатар өнім қаптамасындағы «қантсыз» деген белгі оның толық қауіпсіз екенін білдірмейді. Өйткені мұндай сусындарда да кофеин мен басқа да ынталандырушы заттардың жоғары мөлшері болуы мүмкін.

Энергетикалық сусындарға тәуелділік қалыптасу қаупі

«Әкелер одағы» ересектер арасында энергетикалық сусындарды күнделікті тұтыну әдетінің кең таралуына да ерекше назар аударып отыр.

Адам шаршағанын басу немесе ұйқысының қанбағанын сездірмеу үшін энергетикалық сусын ішеді. Кофеин уақытша сергектік бергенімен, ұйқының сапасына кері әсер етуі мүмкін.

Келесі күні адам қайтадан шаршап, өзін сергіту үшін тағы да энергетикалық сусынға жүгінеді.

Осылайша, ағза толыққанды тынығудың орнына үнемі қосымша ынталандыруға мұқтаж болатын тұйық шеңбер қалыптасады.

Кофеинді тұрақты тұтыну кезінде ағзаның оған төзімділігі артуы мүмкін. Ал оны әдеттегі мөлшерде тұтынуды тоқтатқан жағдайда бас ауруы, ұйқышылдық, ашушаңдық, шаршау және зейіннің төмендеуі сияқты белгілер байқалуы ықтимал.

«Қазір энергетикалық сусындарды 21 жастан бастап сатып алуға болады. Алайда кәмелетке толу кофеиннің ұйқы мен қан қысымына әсерін жоймайды. Акциз мөлшерін арттыру сұранысты төмендетуі мүмкін, бірақ сусынды зиянсыз етпейді. Жарнама мен кофеин мөлшеріне шектеу қою жекелеген қауіптерді азайтқанымен, оларды толық жоймайды. Сондықтан біз энергетикалық сусындарға толық тыйым салуды талап етеміз», – делінген петицияда.

Мәселе жас ұрпақтың денсаулығына да қатысты

Энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатуға заң жүзінде тыйым салынғанымен, олардың мектеп оқушылары арасында тұтынылуы қоғамды әлі де алаңдатып отыр.

2022 жылғы HBSC зерттеуінің деректеріне сәйкес, Қазақстандағы сауалнамаға қатысқан 11–15 жас аралығындағы мектеп оқушыларының 20,5 пайызы энергетикалық сусындарды апта сайын, ал 3 пайызы күн сайын тұтынған.

Бұл көрсеткіштер қолданыстағы шектеулердің сақталуын бақылаумен қатар, жан-жақты профилактикалық саясат жүргізу қажеттігін көрсетеді.

Ата-аналар үшін энергетикалық сусындар мәселесі тек тұтынушының таңдауына байланысты емес. Бұл – балалардың денсаулығына, дұрыс тамақтану әдеттерінің қалыптасуына және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікке қатысты мәселе.

«Әкелер одағы» неліктен толық тыйым салуды талап етеді?

Қоғамдық бірлестік өкілдерінің пікірінше, акциз арқылы энергетикалық сусындардың бағасын көтеру және оларды сатуға жас шектеуін енгізу мәселенің түпкі себебін жоймайды.

Кофеин ересек адамдардың да ағзасына әсер етеді. Ал энергетикалық сусындарды тұрақты тұтыну ұйқының сапасы мен жүрек-қантамыр жүйесінің жұмысына кері әсер етуі мүмкін.

Сонымен қатар жарнамаға және өнім құрамындағы жекелеген заттардың мөлшеріне шектеу қою барлық ықтимал қауіптің алдын ала алмайды.

Халықаралық тәжірибе бірқатар мемлекеттің энергетикалық сусындарға қатысты арнайы шектеулер енгізгенін көрсетеді.

Атап айтқанда, Литва, Латвия, Польша және Норвегияда энергетикалық сусындарды сатуға жас ерекшелігіне байланысты шектеулер қолданылады. Непалда энергетикалық сусындардың импортына шектеу енгізілген. Ал Қырғызстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу жоспарланған.

«Әкелер одағы» Қазақстанда акцизді көтеру мен жас шектеулерін енгізумен ғана шектелмей, нарықты реттеудің анағұрлым қатаң үлгісін қарастыру қажет деп есептейді.

«Біздің ойымызша, қазіргі шаралар жеткіліксіз. Энергетикалық сусындар ересектердің де денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге, коммерциялық мақсатта елге әкелуге және сатуға толық тыйым салуды көздейтін петицияны бастаймыз», – деп мәлімдеді қоғамдық бірлестік өкілдері.

Қандай шаралар ұсынылып отыр?

«Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі бірнеше мемлекеттік органның қатысуымен заңнамалық бастаманы әзірлеуді ұсынады.

Атап айтқанда, мынадай шараларды енгізу көзделген:

* Энергетикалық сусындарды өндіруге және коммерциялық мақсатта елге әкелуге толық тыйым салу;
* Энергетикалық сусындарды көтерме және бөлшек саудада сатуға, оның ішінде интернет-дүкендер мен жеткізу қызметтері арқылы таратуға тыйым салу;
* Өнімдерді энергетикалық сусындар санатына жатқызудың нақты өлшемдерін әзірлеу. Бұл талап қантсыз сусындар мен концентраттарға да қатысты болуы тиіс;
* Энергетикалық сусындарды жарнамалауға, насихаттауға және тегін таратуға, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы ілгерілетуге тыйым салу;
* Заңсыз айналым үшін жауапкершілік белгілеу және мемлекеттік бақылау тетіктерін енгізу;
* Тиісті заң ресми жарияланғаннан кейін ұзақтығы алты айдан аспайтын өтпелі кезең белгілеу.

Қоғамдық бірлестік өкілдері бұл бастаманың басты мақсаты халық денсаулығын қорғау және энергетикалық сусындарды тұрақты тұтынудан туындайтын ықтимал қауіптердің алдын алу екенін атап өтті.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар