"Суға батқандай кейіп танытқан": Астанада полицияға пранк жасаған жігіт қамауға алынды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:04
- 29
Астанада ер адам полицияға пранк жасаймын деп, қамауға алынды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы видео әлеуметтік желіде тарады. Жігіт полицияның жұмысын "тексермек" болып, суға батып бара жатқандай кейіп танытқан.
Сол маңнан өтіп бара жатқан мамандандырылған күзет қызметінің қызметкері көмекке ұмтылып, бірден суға секірген. Алайда шын мәнінде оған ешқандай көмек қажет болмаған.
Астана Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның мән-жайын түсіндірді.
"Қызметке бара жатқан мамандандырылған күзет қызметінің қызметкері бірден әрекет етіп, суға секірген. Бірақ кейін бұл көрініс әдейі ұйымдастырылған болып шықты, ешқандай көмек қажет болмаған. Осы қойылымның авторы мен қатысушысы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімі бойынша, оларға 15 және 10 тәулік мерзімге қамауға алу жазасы тағайындалды", – делінген хабарламада.



