Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Ақтауда артық майдан арылғысы келіп ота жасатқан депутат қайтыс болды

Ақтауда артық майдан арылғысы келіп ота жасатқан депутат қайтыс болды
Сурет: instagram.com/mangystau_maslikhat
Маңғыстауда депутат пластикалық операциядан кейін қайтыс болды.

Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов Ақтаудағы жеке клиникалардың бірінде жасалған пластикалық отадан кейін қайтыс болды, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Stan.kz басылымына сілтеме жасап.

Облыстық мәслихат депутаты Ербол Айтуов ментопластикадан кейін көз жұмғаны хабарланды. Ол иегінің астындағы артық майды алдыру үшін жеке клиникаға жүгініп, талдау анализін тапсырған соң биылғы 4 сәуірде ота жасатқаны атап өтіледі.

Кейін талдау анализдері толық болмағаны, ал қандағы қант деңгейі операция жасау оңтайлы шешім емес деп саналатын мөлшерден асып кеткені анықталды, деп жазады Stan.kz.

Басылым депутаттың жұбайы айтқан мәліметтерге сүйене отырып, ота кезінде оның жағдайы күрт нашарлағанын хабарлады: қан қысымы мен қант деңгейі көтеріліп, соның салдарынан инсульт алып, комаға түскен. Ол бір айға жуық ес-түссіз жатып, сол күйі есін жимағаны айтылды.

Сондай-ақ депутатқа ота жасалған клиника жұмысында олқылықтар болғаны атап өтілді. Ербол Айтуовтың жұбайы кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.

"13:40 шамасында ота жасайтын хирург Артур Тажиев хабарласып, қан қысымы көтерілгенін ғана айтты. Жедел жәрдеммен облыстық ауруханаға жеткізу керек деді. Оның комаға түскенін ескертпеді. "Әзірге үйде бола бер, бірдеңе болса, ескертемін" деп айтты. Сонда 9:40-та комаға түссе, неге 13:40-қа дейін күткен? 4 сағат бойы алғашқы көмек көрсетілмеген, наркоздан шығаратын дәріні салмаған, оттегі аппаратына қоспаған, ешқандай шара қолданбапты. Ал хирург "қан қысымы көтеріліп кеткен екен" деп кетіп қалды. Былайша айтқанда, олар өз қолдарымен өлтіріп тұр", - дейді марқұм депутаттың жұбайы.

Басылым мәліметінше, Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті жеке клиниканы тексеру кезінде бірқатар заңбұзушылықты анықтаған.

"Атап айтқанда, орталықтың хирургиялық ота бөлімі талапқа сәйкес медициналық құрылғылармен толыққанды жабдықталмағаны, ота залындағы медициналық құрылғылардың техникалық мерзімі өтіп кеткені, "анафилактикалық шокқа қарсы" арнайы аспаптардың жоқ екені анықталды. Сондай-ақ ота бөлімінде жедел көмек көрсету талапқа сай келмейді. Одан бөлек орталықтың ересектерге стационарлы медициналық көмек – анестезиология және реаниматология бөлімі бойынша лицензияға қосымшасы жоқ", - деп жазады Stan.kz.

Басылым журналистері клиникадан пікір ала алмады.

Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау облыстық мәслихатының ресми парақшасында Ербол Айтуовтың қайтыс болғаны туралы ақпарат жарияланған болатын.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар