Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Мектеп бітіру кештерін мейрамханаларда, кафелерде ұйымдастыруға тыйым салынады: әкімдіктер мен полиция түлектерді бақылауға алады

Мектеп бітіру кештерін мейрамханаларда, кафелерде ұйымдастыруға тыйым салынады: әкімдіктер мен полиция түлектерді бақылауға алады
Сурет: almaty.tv
Мектеп түлектерінің қорытынды бағалауы 29 мамырдан 15 маусымға дейін өткізіледі.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова түлектерге аттестат табыстау рәсімі қалай өтетінін түсіндірді. Бұл туралы Министрлер кабинетінің отырысында айтылды, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, мектеп түлектеріне аттестат тапсыру рәсімі 17-18 маусымда өтеді.

"Бітіру кештері тек білім беру мекемелерінде ғана өткізілуге тиіс. Түлектердің мектеп бітіру кештерін мейрамханаларда, кафелерде және банкет залдарында ұйымдастыруға, сондай-ақ заңсыз қаражат жинауға тыйым салынады. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар бірлескен бұйрық шығарды. Әкімдіктер бұл мәселені құқық қорғау органдарымен бірлесіп мұқият бақылауға алуы керек", - деді ол.

Министрдің айтуынша, биыл мектепте 3,9 млн оқушы білім алған. Олардың 343 мыңы 9-сыныпты, ал 215 мыңы 11-сыныпты бітіріп жатыр. 13 175 түлек "Алтын белгіге" үміткер болса, 11-сыныпты бітірген 18 555 түлек пен 9-сыныпты бітірген 31 181 оқушы қызыл аттестаттан үмітті.

Мектеп түлектерінің қорытынды бағалауы 29 мамырдан 15 маусымға дейін өткізіледі. Ашықтық пен академиялық тұтастықты қамтамасыз ету үшін емтихан материалдары емтихан күні білім беру мекемелеріне жіберіледі.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар