Руслан Рысмамбетов: Зейнетақы жинақтарын шешіп алуға әрдайым қарсы болдым
- автор kyn.kz
- Бүгін, 19:24
- 1
"Мен зейнетақы жинақтарын жаппай шешіп алуға әрдайым қарсы болдым. Қандай мақсатта болса да. Өйткені зейнетақыдағы қаржының табиғаты бойынша ол баспана сатып алуға немесе жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған қаражат емес. Бұл – адам қартайып, бұрынғыдай еңбек ете алмайтын кезеңге арналған ақша. Сондықтан жеткіліктілік шегін көтеру туралы шешімді орынды әрі уақытылы қабылданған қадам деп есептеймін. Тіпті оны жұмсақ шара деуге болады.
Қазіргі таңда реформаланып жатқан зейнетақы жүйесінің басты міндеті – азаматтарды лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету. Ол бүгінгі әлеуметтік мәселелерді шешудің құралына айналмауы тиіс.
Азамат бүгін жинағын шешіп алса, болашақтағы зейнетақы төлемдерін автоматты түрде азайтады. Мемлекет қысқа мерзімде белгілі бір нәтижеге қол жеткізгенімен, 20–30 жылдан кейін төмен зейнетақы мәселесіне тап болып, зейнеткерлерді бюджет есебінен қосымша қолдауға мәжбүр болуы мүмкін.
Сонымен қатар біз жинақтарды алуды емес, заңды әрі ресми жұмыспен қамтуды ынталандыруымыз қажет. Азаматтардың қолындағы қаражатты көбейтудің ең тиімді жолы – зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын шешіп алуға мүмкіндік беру емес, жоғары ресми жалақы алуға жағдай жасау. Себебі жалақы неғұрлым жоғары болса, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына түсетін жарна көлемі де артып, болашақтағы зейнетақы мөлшері де көбейеді.
Жинақтарды мерзімінен бұрын алу кейбір нарықтардың қызып кетуіне де әсер етті. Зейнетақы қаражатының едәуір бөлігі жылжымайтын мүлік нарығына бағытталды. Бұл бірқатар азаматтардың баспана мәселесін шешуге көмектескенімен, тұрғын үй бағасының күрт өсуіне себеп болған факторлардың біріне айналды. Соның салдарынан баспана құны екі есеге дейін қымбаттады.
Жеткіліктілік шегі елдегі экономикалық жағдайды көрсетуі тиіс. Өмір сүру ұзақтығы артып келеді, ең төменгі зейнетақы мөлшері өсуде, инфляция да бар. Сондықтан жеткіліктілік шегінің де көтерілуі заңды құбылыс.
Біз БЖЗҚ-дан ақшаны қалай шешіп алу керектігін емес, жоғары ресми жалақы алып, тұрақты зейнетақы жарнасын аударатын азаматтардың санын қалай көбейтуге болатынын талқылауымыз қажет. Бұл – ауқымды макроэкономикалық міндет.
Сондай-ақ келесі қадам ретінде бюджетті оңтайландыру мәселесіне назар аудару керек деп санаймын. Зейнетақы қаражаты бюджет тапшылығын жабудың негізгі құралына айналмауы тиіс, тек қосымша тетік болуы қажет. Ең маңызды мәселе – зейнетақы активтерін басқару тәсілін өзгерту. Қазір БЖЗҚ дәл осындай өзгерістердің алдында тұр. Сондықтан сарапшыларды жарияланған реформаларға мұқият назар аударып, оларды жан-жақты талқылауға шақырамын",-дейді қаржы кеңесшісі.



