Бектенов Президенттің нақты секторды дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексерді
- автор kyn.kz
- Бүгін, 16:07
- 66
Олжас Бектенов логистикалық орталық, медициналық бұйымдар өндіретін зауыт, нан-тоқаш, сүт және ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындарға барды.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қала экономикалық дамудың жоғары қарқынын сақтап, еліміздің жетекші іскерлік орталықтарының бірі ретіндегі рөлін нығайтып отырғанын баяндады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 18,9 трлн теңгеге жетті. Елорда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі бойынша республикада бірінші орында тұр. Биылғы төрт айда 587 млрд теңге инвестиция тартылды, оның шамамен 80%-ын жеке инвестициялар құрады. Қазіргі таңда Астанада 246 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл секторда шамамен 560 мың адам жұмыспен қамтылған. ШОБ-тың қала экономикасына қосқан үлесі рекордтық деңгейге – 66%-ға жетті. 2026 жылы 26 өнеркәсіптік жобаны іске қосу жоспарланған. Қазірдің өзінде құны 32 млрд теңге болатын 8 жоба пайдалануға беріліп, 500-ге жуық жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ жыл соңына дейін құны 36 млрд теңге болатын 18 жобаны іске қосып, мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Премьер-министрге «Technodom» көтерме-бөлшек сауда кәсіпорны» АҚ заманауи логистикалық орталығында кешеннің жұмысы мен елорданың көлік және қойма инфрақұрылымын одан әрі дамыту жобасы таныстырылды.
Ауданы 22 мың шаршы метрден асатын логистикалық орталық 11 мың паллеттік орынға есептелген. Мұнда жалпы аумағы 3,5 мың шаршы метрді құрайтын температуралық режимі бар үй-жайлар қарастырылған. Кәсіпорын тәулік бойы жұмыс істейді және тауарларды қабылдау мен сақтаудан бастап, оларды жинақтау және жөнелтуге дейінгі қызметтердің толық циклін қамтамасыз етеді. Орталық қойманы басқарудың автоматтандырылған жүйелерімен және тиімділікті бақылау құралдарымен жабдықталған. Бүгінде логистикалық кешен жұмыс ауқымымен 100% қамтылған. Орталықтың қызметін Wildberries, Ascona, Gold Service Logistic және басқа да компаниялар пайдаланады. Нысанда 200-ден астам жұмыс орны ашылған.
Сонымен қатар Премьер-министрге жеке инвестиция көлемі 300 млн асатын 223,1 гектар логистикалық парк жобасы таныстырылды. Әлеуетті қатысушылар арасында YXE Trading Service Group, S Sistem Lojistik Hizmetler, «Қазпошта» және Rhino Logistic компаниялары бар.
Сондай-ақ Астана қаласында Wildberries Kazakhstan компаниясының ірі логистикалық хаб құрылысының барысы таныстырылды. Жалпы аумағы 160 мың шаршы метрді құрайтын жоба аясында 6 мың жұмыс орнын ашу көзделген. Нысанды пайдалануға беру 2027 жылдың І тоқсанына жоспарланған. Жобаның инвестиция көлемі – 47,7 млрд теңге.
Олжас Бектенов логистикалық инфрақұрылымды дамыту экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың және Қазақстанның транзиттік әлеуетін одан әрі нығайтудың маңызды шарты екенін атап өтті. Президент жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылын ескере отырып, цифрлық шешімдерді енгізуге және процестерді автоматтандыруға ерекше назар аудару керек.
«Heart Center Foundation» ҚҚ зауытында Олжас Бектенов медициналық мақсаттағы пластикалық бұйымдар өндірісінің іске қосылуымен және кәсіпорынның технологиялық жабдықталуымен танысты. Жобаның соңғы кезеңі жүзеге асырылуда. Зауыт 2026 жылдың мамыр айында пайдалануға берілген, тамызда барлық желі бойынша өнім шығару басталады, ал биылғы қыркүйек айында толық қуатына шықпақ.
Жоба «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің қолдауымен №1 Индустриялық парк аумағында жүзеге асырылып жатыр. Инвестициялардың жалпы көлемі – шамамен 5,1 млрд теңге. Кәсіпорынның негізгі өнімі – ALEM атауымен қысқартылған Astana life Ex-situ Machine жобасы. Бұл қазақстандық инженерлер мен дәрігерлердің донорлық ағзаларды сақтау, қалпына келтіру және тасымалдау үшін жасап шығарған бірегей әзірлемесі. Технология донорлық ағзаның сақталу мерзімін бірнеше сағаттан бір тәулікке дейін және одан да көп ұзартуға мүмкіндік береді, бұл отандық трансплантология үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Өндірісте отандық шикізатты – Атырау қаласындағы KPI зауытының пластикалық түйіршіктерін пайдалану жоспарлануда, бұл медициналық бұйымдар өндірісін локализациялау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Зауыттың жобалық қуаты 15-20 бірлік ALEM жабдығын шығаруға жетеді, ол дегеніміз, жылына биоматериалды іріктеуге арналған шамамен 6 млн контейнер және 45 мың дренаждық құрылғы.



