Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

“Кідірген жоқпын, тез өлтірдім”: Сұлтан Сәрсемалиев ата-енесін қалай өлтіргенін айтып берді

“Кідірген жоқпын, тез өлтірдім”: Сұлтан Сәрсемалиев ата-енесін қалай өлтіргенін айтып берді
Сурет: ашық дереккөздерден
Жұбайының туысын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиев қылмысты қалай жасағанын айтты.

Бір отбасының төрт мүшесінің өліміне қатысты сот отырысы жүріп жатыр. Іс Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында қаралып жатыр. Сот отырысында тергеу барысында түсірілген бейнежазбалар көрсетілді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Айыпталушы Сұлтан Сарсемәлиев сотта қылмыстың қалай жасалғанын егжей-тегжейлі айтып берді. 

Newtimes.kz мәліметінше, қылмыс 2025 жылдың қараша айының басында Қызылқоға ауданындағы Жангелдин ауылында болған. Сарсемәлиевтің айтуынша, ол ұзақ уақыт бойы жұбайының туыстарымен балалар тәрбиесі мен отбасылық мәселелерге байланысты жанжалдасып жүрген.
Оның сөзінше, 2 қарашаға қараған түні әйелі Ақбаян мен балаларын ертіп ауылға келген. Келесі күні таңғы сағат жетілер шамасында қайын енесі Нәсіп Өтешқалиева балалардың ауылда қалуын, ал Ақбаянның күйеуімен бірге қалаға кетпеуін талап еткен. Кейін бұл әңгімеге қайын атасы Мақсот Қарабалин де араласқан.

Сарсемәлиев сол сәтте үш түрлі шешімді ойлағанын айтты: үйден кету, өзіне қол жұмсау немесе жұбайының туыстарын өлтіру. Оның айтуынша, өзіне қол жұмсау туралы ойдан бас тартқан, өйткені ондай жағдайда балаларын туыстары алып кетеді, ал анасы қайғыға бататынын ойлаған. Содан кейін кісі өлтіруге бел буғанын жеткізді.

Айыпталушының сөзінше, ол асүйден пышақ алып, сарайға кірген. Артынша бауырсақ пісіріп жүрген енесі Нәсіп сарайға кірген кезде оған кеуде тұсы мен мойын аймағына бірнеше рет пышақ сұққан.
Сотта көрсетілген бейнежазбада Сарсемәлиев:
«Кідірген жоқпын, тез өлтірдім. Егер бір сәтке болса да тоқтасам, ештеңе жүзеге аспай қалар еді», – дейді.

Оның айтуынша, осыдан кейін сарайға қайын атасы Мақсот келген. Ішке кірген сәтте оған да пышақпен шабуыл жасаған.

Қылмыстан кейін айыпталушы үйге қайта кіріп, ештеңе болмағандай жүре берген. Кейін қылмыстың ізін жасыру үшін қабырғалардағы қанды қырып тазалағанын айтты.

Алғашында мәйіттерді далаға апарып тастауды ойлағанымен, біреу байқап қалады деп қорқып, оларды сарайдың ішіне көмуге шешім қабылдаған. Оның айтуынша, қабірді түнгі сағат он екілер шамасында қаза бастап, жұмысты таңғы алтыға дейін жалғастырған. Алдымен шұңқырға Мақсоттың денесін, кейін оның үстіне Нәсіптің денесін қойған.
Келесі күні ол жерленген орынды толық жасыру үшін артық топырақты қаптарға салып сыртқа шығарған. Кейін шұңқырдың үстін пленкамен, линолеуммен және кілеммен жауып, ең үстіне ескі диван қойған.

Сот барысында белгілі болғандай, қылмыстан кейін Сарсемәлиев марқұмдардың үйінен 60 мың теңге, екі сақина және құжаттарын алып кеткен. Сонымен қатар олардың банк қосымшаларының құпиясөздерін алдын ала білгені анықталды.
Осыдан кейін ол такси шақырып, жұбайы Ақбаянды, Мейрамгүлді және үш жасар баланы ертіп қалаға кеткен. Оларға Ақбаянның ата-анасы қалаға кетіп қалғанын айтқан.

Айыпталушы сотта жұбайының туыстары тарапынан үнемі қорлық көріп, намысына тиетін сөздер естігенін, мұның психологиялық жағдайына ауыр әсер еткенін мәлімдеді.

Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, Максот Қарабалиннің денесіне тоғыз жерден пышақ жарақаты салынған. Оның үшеуі өлімге әкелген.

Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар