Алматыда дәрігерлер тоғызыншы қабаттан құлаған 17 жатсағы қызды аман алып қалды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:41
- 57
Алматыда дәрігерлер тоғызыншы қабаттан құлап, көптеген ауыр жарақат алған 17 жастағы қызды аман алып қалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәрігерлер оның өмірі үшін екі айға жуық күрескен. Қыз ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген. Оған екінші дәрежелі кома, травматикалық және геморрагиялық шок, артериялық қысымның тым төмендеуі, аяқ-қолдың, омыртқа мен жамбастың көптеген сынығы, сондай-ақ кеуде қуысының ауыр жарақаты диагнозын қойды.
"Диафрагманың жыртылуы өмірге ерекше қауіп төндірді, соның салдарынан асқазан, көкбауыр және ішектің бір бөлігі кеуде қуысына қарай ығысып кеткен. Бұл дереу хирургиялық араласуды талап етті", - деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқармасы.
Хирургтар шұғыл түрде күрделі ота жасады. Олар ішкі мүшелерді құрсақ қуысына қайтарып, көкеттің жыртылған жерін тікті, көкбауырды алып тастап, плевра қуысын дренаждады.
Орталық қалалық клиникалық аурухана травматологы Дәулет Шүкімановтың айтуынша, қызға төрт ота жасалған, оның үшеуі - травматологиялық.
"Емдеу кезең-кезеңімен жүргізілді. Білек, сирақ, тоқпан жілік және асықты жілік сүйектеріне ота жасалды. Содан кейін ортан жілік мойнының сынығы қалпына келтірілді. Барлық араласу аяқ-қол қызметін сақтап, пациенттің қозғалыс белсенділігін барынша қалпына келтіруге бағытталды", - деді маман.
Оталардан кейін қыз жансақтау бөлімінде 12 тәулік жатты. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандырып, ауыр асқынулардың алдын алды. Стационардағы емдеу шаралары жалпы алғанда 58 күнге созылды.
Бүгінде қыз ауруханадан шығарылып, оңалту курсын жалғастырып жатыр.




