Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"Ешқандай кешірім берген жоқпын": Әл-Фараби даңғылындағы жол апатынан қаза тапқан марқұм қыздың әкесі

"Ешқандай кешірім берген жоқпын": Әл-Фараби даңғылындағы жол апатынан қаза тапқан марқұм қыздың әкесі
Сурет: ашық дереккөздерден
Әл-Фараби даңғылындағы жол апатынан қаза тапқан 20 жастағы қыздың әкесі сотта сөйледі.

Алматыда әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сот отырысына қаза тапқан 20 жастағы қыздың әкесі сөз сөйледі, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Қаза тапқан қыздың әкесі Рүстембек Шүтеновтің үш өкілі ер адамды жәбірленуші деп тану туралы өтінішхат жолдады. Адвокат талаптың заңдылығын негіздеу барысында ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 71-бабына сүйенді.

Ол әйелімен 2018 жылы ажырасып кеткенімен, қызының араласып келгенін айтты.

Адвокаттың айтуынша, әкесі жерлеу рәсімімен айналысқандықтан, тергеу кезеңінде іске қатыса алмаған.

Сотталушы А. П. тарапы әкені жәбірленуші деп тануға үзілді-кесілді қарсы шықты. Оның адвокаты Арман Рахманбердиева ер адам марқұм қыздың анасымен ажырасқанын, алимент төлемей келгенін алға тартты. Сонымен қатар қорғаушы тараптың уәжі бойынша, ер адам сотталушының отбасына қысым көрсеткен көрінеді.

Ал Рүстембек Шүтенов Таразда сотталушының ата-анасына барғанын растады, бірақ ешқандай заңсыз әрекет жасамағанын жеткізді.

" Бұрынғы әйелім бес бала туып берді. Бұл менің жерлеп отырған екінші қызым. Бірінші қызымның аты Аружан еді. Ол бір жарым айлығында шетінеп кетті. Одан кейін үш ұлым туды. Ал екінші қызымды 20 жас 3 айында жер қойнауына бердім. Өсірдім, мәпеледім, жақсы көрдім. Биыл жазда тұрмысқа шығуы керек еді. Бұрынғы әйелімнің өтемақы алғанын балалардың болашағы үшін жасаған қадамы деп түсінемін. Бірақ мен жеке өз басым ешқандай кешірім берген жоқпын. Ал мына отырған адамды да, оның анасын да өмірімде көрген емеспін", – деді марқұмның әкесі.

Сондай-ақ, сотталушының отбасынан "ақша алды және қоқан-лоқы көрсетті" деген айыптауларын жоққа шығарды.

"Мен Таразға әкесіне бардым. Әкесі жылап: "Мені кешір, баламды кешір" деді. Мен: "Ақсақал, сіздің еш кінәңіз жоқ, тек бір нәрсеге кінәлісіз – балаңызға дұрыс тәрбие бере алмағансыз" дедім. Содан соң бұрылдым да кеттім", – деп түсіндірді.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар