Әл-Фараби даңғылындағы үш адамның өмірін қиған жол апаты: Zeekr жүргізушісін 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы сұралды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:37
- 63
Алматыда әл-Фараби даңғылында үш адам қаза тапқан жол апаты бойынша сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Zeekr жүргізушісін 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
22 маусымда сотта тараптардың жарыссөзі басталды. Прокурор судьядан сотталушы А. П.-ны Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі – "Алкогольдік масаң күйде жол жүрісі қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу" бойынша кінәлі деп тануды сұрады.
Мемлекеттік айыптаушы оған қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
"Оқиғаның салдары БАҚ-та кеңінен жарияланып, қоғамда үлкен талқыға түсті. Қылмыстық соққының ауырлығын өлшеу де, орнын толтыру да мүмкін емес. Бұған жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзып, рұқсат етілген жылдамдық шегінен асырған, оның үстіне алкогольдік масаң күйде болған бір адам кінәлі", – деді прокурор.
Прокурор бұл іс бойынша шығарылатын қатаң үкім барлық жүргізушіге сабақ болуы тиіс екенін атап өтті.
"Бұл іс бойынша үкім жолды өзін-өзі көрсету орны деп санайтындардың әрқайсына нақты ескерту болуы тиіс. Өзге адамның өмірі үшін заңның барлық қатаңдығымен жауап беруге тура келеді", – деп мәлімдеді сотта прокурор.
Сөзінің соңында прокурор ең жоғарғы жаза мерзімі болашақта осындай қайғылы оқиғалардың алдын алуға көмектесетінін айтты.
"Тағайындалған жаза әлеуметтік әділдікті орнату мен сотталушының түзелуін қамтамасыз етуге ғана емес, сонымен қатар сотталушының да, өзге тұлғалардың да жаңа құқықбұзушылықтар жасауының алдын алуға бағытталған. Қаза болғандардың рухы бізді принципшіл болуға міндеттейді", – деді мемлекеттік айыптаушы.




