Электрсамокаттармен тротуар және жаяу жүргіншілер жолдарында жүруге тыйым салынады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:30
- 70
Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Енді электрсамокаттармен тротуар және жаяу жүргіншілер жолдарында жүруге тыйым салынады.
ІІМ мәліметінше, олар жаяу жүргіншілердің, әсіресе балалардың қауіпсіздігіне нақты қатер төндіреді.
2025 жылы елімізде электрсамокат жүргізушілерінің кінәсінен 139 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 149 адам жарақат алды.
Электрсамокаттар бұрыннан бері жаяу жүргіншілер үшін де, автокөлік жүргізушілері үшін де мәселеге айналды. 2024 жылдың өзінде қазақстандықтар ІІМ-нен оларды жалға беруге тыйым салуды сұраған болатын.
Самокат мінушілерге салынған тыйымдар
- Рөлді қолмен ұстамай жүруге (рөлді кем дегенде бір қолмен ұстау керек).
- Жолаушы тасымалдауға.
- Габаритті емес жүк тасуға (егер ол 50 сантиметрден астам шығып тұрса).
- Трамвай жолдары бар немесе әр бағытта бір жолақтан көп жолдарда солға бұрылуға немесе кері бұрылуға.
- Сүйретуге немесе тіркемеде болуға (самокаттарға/велосипедтерге арнайы арналған тіркемелерден бөлек).
- Жаяу жүргіншілер өткелінен самокатпен өтуге - самокаттан түсіп, оны қасында жетелеп өту керек.
- Түнде жол бойында жарық шағылыстыратын элементтерсіз жүруге.
- Жолдың жүру бөлігінде каска кимей жүруге.




