Атырауда Амангелді Мутигуллинді еске алуға арналған фотокөрме ашылды (Фото)
- автор kyn.kz
- Бүгін, 21:10
- 42
Көрмеге шебердің 2008 жылдан бері түсірген 50-ден астам фотосуреті қойылды. Туындыларда оның шығармашылық қолтаңбасы, кәсіби ізденісі мен өңірлік фотожурналистиканың дамуына қосқан елеулі үлесі көрініс тапқан.

Фотокөрмені Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов тамашалады. Өңір басшысы экспозициямен танысып, көрмені Амангелді Мутигуллиннің бай шығармашылық мұрасына көрсетілген құрмет екенін атап өтті.
Көрмеге келген жұртшылық ұсынылған фототуындыларға жоғары баға беріп, олардың әрқайсысынан өмірдің шынайы сәттері мен ерекше атмосферасы сезілетінін айтты.

– Аман аға әкемнің ең жақын достарының бірі еді. Өте қарапайым, ақкөңіл, адал жан болатын. Көрмені тамашалап, оның шығармашылығымен қайта қауышқаныма қуаныштымын. Біздің өңір үшін ол – нағыз аңыз тұлға, – деді көрме қонағы Айгерім Қабдешова.

Амангелді Мутигуллин 1957 жылғы 15 қазанда Исатай ауданының Забурын ауылында дүниеге келген. 2000 жылдан бастап фотожурналистика саласында еңбек етті. Алғашында «Ақ Жайық» газетінде қызмет атқарып, 2003–2012 жылдары облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің фототілшісі болды. 2012 жылдан өмірінің соңына дейін «Атырау өңірі энергетигі – Энергетик Прикаспия» газетінің бас редакторы лауазымында жұмыс істеп, Атырау энергетика кешенінің баспасөз қызметінде еңбек етті.



