Алматыдағы "Family Park" демалыс орны жабылып, орнына тұрғын үй кешені салынады: әкімдік пікір білдірді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 17:05
- 9
Әлеуметтік желіде Алматыда танымал демалыс орындарының бірі Family Park-тің жабылып, орнына тұрғын үй кешені салынуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған болатын. Бұған қатысты қала әкімдігі пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, Family Park аумағында тұрғын үй кешені немесе өзге де нысандар салу жоспарланбаған.
"Алматы қаласының қолданыстағы Бас жоспары мен жоспарлау жобасына сәйкес Family Park аумағы қоғамдық рекреациялық кеңістік, яғни саябақ ретінде белгіленген. Оның нысаналы мақсатын өзгерту көзделмеген. Family Park тұрғындар мен қала қонақтарының демалысына арналған саябақ ретіндегі мәртебесін сақтайды. Қазір тек аумақты тікелей мемлекеттік басқаруға қайтарып, оны кешенді түрде қайта жаңғырту, көріктендіру және жаңғырту мәселесі қарастырылып жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Әкімдік саябақтың жағдайы едәуір нашарлағанын және соған байланысты демалыс инфрақұрылымын жаңарту жоспарда барын мәлімдеді.
"Соның салдарынан саябақтың жағдайы едәуір нашарлаған. Бүгінде саябақтың инженерлік және демалыс инфрақұрылымын жаңарту, тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз әрі қолжетімді орта қалыптастыру, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін толық кедергісіз орта жасау қажет", - деді әкімдік өкілдері.



