Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Жамбыл облысының тұрғыны ауылдасының шөбіне әдейі өрт қойып жіберді

Жамбыл облысының тұрғыны ауылдасының шөбіне әдейі өрт қойып жіберді
Ақтөбе газеті
Ол қызғаныштан туындаған әрекетімен жәбірленушіге 1,4 млн шығын әкелген.

Жамбыл облысында жанжалдан кейін ауылдасының қорасындағы шөпті өртеп жіберген ер адам үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Талас аудандық сотында бөтеннің мүлкін өрт қою арқылы қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қаралды.

Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2026 жылдың сәуір айында «Көшек батыр» ауылында болған. Сотталушы танысымен бірге ауылдағы дүкен маңында ішімдік ішіп отырған кезде жәбірленушінің кәмелетке толмаған ұлы оларды келемеждеген. Осыған ашуланған ер адам балаға ұрысып, артынша оның әкесімен сөзге келіп қалған.

Жанжал кезінде сотталушы қарсыласына «үйіңді өртеп жіберемін» деп қоқан-лоқы көрсеткен. Біраз уақыттан кейін ол жәбірленушінің үйіне барып, қорада жиналған 800 түп шөпке жанар-жағармай құйып, от қойған.

Өрт салдарынан жәбірленушіге 1,4 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келген.

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады. Ал жәбірленуші оны кешіретінін айтып, соттан қатаң жаза қолданбауды өтінген.

Сот шешімімен ер адам Қылмыстық кодекстің 202-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енді.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар