Мемлекет басшысы домбыраның ұлттық мәдениетті сақтаудағы маңызын атап өтті
- автор kyn.kz
- Бүгін, 17:33
- 45
Президент өз сөзінде жаңашылдыққа ұмтылатын жасампаз ел болу үшін ең алдымен мызғымас құндылықтарымызға, бай тарихымыз бен мәдени мұрамызға арқа сүйеуіміз қажет екенін айтты.
«Бірнеше күннен кейін бәріміз бір ел болып «Ұлттық домбыра күнін» атап өтеміз. Бұл – болмысымызды айшықтайтын, жұртымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың рухын көтеретін айрықша мереке. Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – домбыра» деп жырлауы тегін емес. Расында, домбыраны ұлықтау арқылы біз төл өнерімізді төрге оздырамыз. Домбыра қастерлі құндылығымыз ретінде ұлтымызды әлемге танытатын бірегей брендке айналуы керек», – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет руханият саласын дамытуға әрдайым баса назар аударып келеді. Бұл ретте тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық өнерді өркендету, сондай-ақ музейлердің, театрлардың, кітапханалардың және концерттік ұйымдардың қызметін дамыту және қазақ мәдениетін әлемге таныту ісіне басымдық беріледі.
Мәдениет адами капиталды дамытудың маңызды тетіктерінің бірі ретінде аталды. Бүгінде елдің бәсекеге қабілетті болуы ең алдымен адам әлеуетінің сапасымен өлшенеді. Осыған байланысты әлеуметтік саланы дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Биыл ғылым мен білім, мәдениет пен денсаулық, спорт және әлеуметтік қолдау салаларына 19 триллион теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Бұл мемлекет бюджетінің жартысынан көбін құрайды.


