Кімдердің миллиардтаған айыппұлдары кешіріледі?: Тоқаев заңға қол қойды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 16:26
- 27
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев рақымшылық туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Ақорданың хабарламасына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі және құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды.
Қылмыстық теріс қылықтар мен ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдар қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан босатылады.
Сондай-ақ рақымшылыққа мына тұлғалар ілігеді:
- ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін сотталғандар - жазаның өтелмеген бөлігі жартысына қысқартылады;
- келтірілген залалды толық өтеген, ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандар - мерзімі үштен бірге қысқартылады;
- залалды толық өтеген, аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандар - мерзімі төрттен бірге қысқартылады;
- залалды өтемеген, ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандар - мерзімі төрттен бірге азайтылады;
- залалды өтемеген, аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандар - мерзімі бестен бірге қысқартылады;
- мінез-құлқында теріс дәрежесі жоқ, рақымшылық қолданылған кезде жаза мерзімінің аяқталуына бір жылдан аспайтын уақыт қалған сотталғандар - жазаның барлық қалған мерзімінен босатылады.
Рақымшылық шаралары мына тұлғаларға қатысты қолданылмайды:
- террористік қылмыс жасағаны үшін сотталғандар;
- экстремистік қылмыс жасағаны үшін сотталғандар;
- коррупциялық қылмыс жасағаны үшін сотталғандар;
- ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері;
- азаптау үшін сотталғандар;
- кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағандар;
- қылмысты қайталаған тұлғалар;
- өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар;
- сырттай сотталған тұлғалар.
Заңның жеке нормасымен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы әкімшілік рақымшылық қарастырылған.
Әкімшілік айыппұлдардан мыналар босатылады:
- азаматтар;
- жеке кәсіпкерлер;
- нотариустар;
- адвокаттар;
- жеке сот орындаушылары;
- заң кеңесшілері.




