Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Субсидия қаржысын құмар ойындарға жұмсаған: экс-депутат 2,6 млрд теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды

Субсидия қаржысын құмар ойындарға жұмсаған: экс-депутат 2,6 млрд теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды
Сурет: supersadovnik.ru
Экс-депутат таңқурай көшетін егу үшін бюджетен миллиардтаған қаржы жымқырған.

Алматы облысында таңқұрай көшетін егу үшін бюджеттен 2,6 млрд теңгеден астам субсидия алғандар ісі бойынша қылмыстық іс аяқталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Тергеу мәліметтері бойынша, қылмыстық схеманы Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты ұйымдастырған.

"Ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибесі мен мемлекеттік субсидиялау тетіктерін жетік біле отырып, ол бюджет қаражатын заңсыз алудың тұрақты схемасын құрған. Схеманы іске асыру үшін ұйымдастырушы өзіне бағынысты кәсіпорындар мен Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында тіркелген 29 шаруа қожалығын пайдаланған", - деп хабарлады ҚМА.

Элиталық таңқурай көшеттерін сатып алу туралы жалған құжаттар ұсынылған.

"Алайда көрсетілген көлемде көшеттер іс жүзінде жеткізілмеген. Ал құжаттарда көрсетілген кейбір шаруашылықтардың өнеркәсіптік көлемде таңқурай өсіруге нақты мүмкіндігі болмаған. Нәтижесінде бюджеттен 2,6 миллиард теңгеден аса субсидия заңсыз алынған", - деп мәлімдеді ҚМА өкілдері.

Ведомство мәліметінше, заңсыз алынған субсидияның 491 миллион теңгесі қор нарығында операциялар жүргізуге бағытталған. Сондай-ақ күдікті ұрланған қаражаттың 170 миллион теңгесін Қонаев қаласындағы казинода құмар ойындарға жұмсаған.

"Осы мақсатта күдіктінің жұбайының атына брокерлік шот ашылып, ол арқылы қазақстандық және шетелдік компаниялардың бағалы қағаздары сатып алынған. Бұдан бөлек, тағы 400 миллион теңге уақытша қаржылай көмек көрсету сылтауымен iSolutions Capital микроқаржы ұйымына аударылған. Кейін бұл қаражат күдікті тарапынан кезең-кезеңімен қолма-қол ақшаға айналдырылған", - деп түсіндірді ҚМА өкілдері.

Сот санкциясымен күдіктілердің 4 пәтеріне, 3 автокөлігіне, жеке тұрғын үйіне және бағалы қағаздарына тыйым салынған. Үш күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қылмыстық іс сотқа жолданған.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар