Ақмола облысында атқа мінген 20 жастағы жігіт сал болып қалды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:40
- 29
Ақмола облысындағы ат спорты клубында болған екі оқиға қоғам назарын аударды. Атпен серуендеуге барған жас жігіт пен қыз ауыр жарақат алған. Зардап шеккендердің жақындары клуб қызметкерлерін қауіпсіздік талаптарын сақтамады деп айыптап отыр, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Cmn.kz сайтына сілтеме жасап.
20 жастағы Дінмұхамед мамыр айында топтық серуен кезінде аттан құлап, бесінші мойын омыртқасын сындырған және жұлынын зақымдап алған.
Жігіттің отбасының айтуынша, оқиғадан кейін клуб қызметкерлері жедел жәрдем шақырмаған. Дінмұхамедті омыртқасын қозғалтпай ұстайтын арнайы құралсыз жеке көлікке салып, ойлы-қырлы жолмен киіз үйге жеткізген. Ол досы шақырған медицина қызметкерлерін шамамен 40 минут күткен.
Жедел жәрдем бригадасында мойынды бекітетін арнайы жаға болмағаны да айтылады. Ауыр жарақат алған жігіттің денесі толық сал болып, бес рет ота жасалған. Ол бір айға жуық жансақтау бөлімінде жатып, қазір аппараттың көмегімен тыныс алып жатыр. Дінмұхамедке тәулік бойы күтім қажет.
Жақындарының сөзінше, оқиғадан кейін клуб өкілдері жігіттің жағдайын сұрамаған, емделуіне немесе оңалуына қаржылай көмек көрсетпеген.
Отбасы клуб қызметкерлері мен медициналық топтың әрекетін тексеруді талап етіп отыр. Олар зардап шегушіні дұрыс тасымалдамау және дер кезінде көмек көрсетпеу оның жағдайын ауырлатуы мүмкін деп есептейді.
11 маусымда осы ат спорты клубында тағы бір қыз жарақат алған. Оның айтуынша, серуен кезінде нұсқаушы аттарды бірнеше рет қатты шабуға рұқсат берген.
"Қатты жылдамдықпен келе жатқанда ер-тоқым тайып кетіп, атпен бірге жерге құладым", – деді зардап шеккен қыз.
Қызға атты нұсқаушы емес, кәмелетке толмаған бала берген. Оның көзінше ер-тоқымның дұрыс бекітілгені тексерілмеген.
Құлағаннан кейін клуб директоры қызға ауырсынуды басатын дәрі егіп, қолын таңып қойған. Ал ауруханада оған оң жақ иық сүйегінің сынуы диагнозы қойылып, шұғыл ота жасалған.
Зардап шегушінің сөзінше, клуб өкілдері бастапқыда көмек көрсетуге уәде берген. Алайда ол полицияға жүгінгеннен кейін байланысқа шықпай қойған.
Қазіргі уақытта аталған оқиғалар бойынша тергеу жүріп жатыр. Ал клуб өкілдері болған жағдайға зардап шеккен қыздың өзін кінәлі деп санайтыны айтылды.
Қазақстанда алдағы үш күнде күн салқындайды
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстандықтар тамыз айында 10 күн демала алады
- авторТомирис Тоныкөк
- 10 шілде, 2026




