Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Неліктен Қазақстан инвесторлар үшін Өзбекстан мен Орталық Азияның өзге елдеріне қарағанда тартымды?

Неліктен Қазақстан инвесторлар үшін Өзбекстан мен Орталық Азияның өзге елдеріне қарағанда тартымды?
Пресс-служба президента Казахстана
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жұмыс сапары аясында All China Review басылымында Қазақстан туралы мақала жарық көрді. Онда еліміздің экономикалық дамуындағы қазіргі жетістіктері мен Қазақстан экономикасының шетелдік инвестицияны не себепті барған сайын көбірек тартып отырғаны сөз болады. Соның негізгі тұстарына тоқталайық.

Біріншіден, ашығын айту керек: бүгінде Қазақстан – өңірдегі ең ірі экономика. Демек, ең үлкен әрі ең тартымды нарық та осы. Мұны нақты сандар дәлелдейді.

Қазақстан экономикасының көлемі жалпы ішкі өнімі 147,1 млрд доллар болатын Өзбекстаннан екі еседен де асады. Ал өңірдегі өзге елдермен салыстырсақ, айырмашылық одан да айқын: Түрікменстан экономикасы 77,4 млрд доллар, Қырғызстан – 21,6 млрд доллар, Тәжікстан – 17,5 млрд доллар деңгейінде бағаланған.

Жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткішінде де Қазақстанның басымдығы анық байқалады. Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен 15 мың долларға жеткен. Түрікменстанда – 11,6 мың доллар, Өзбекстанда – 3,8 мың доллар, Қырғызстанда – 3 мың доллар, ал Тәжікстанда – 1,7 мың доллар.

Қазақстан мен көрші елдер арасындағы мұндай айырмашылық экономиканың өнімділігі жоғары екенін және қосылған құн көлемінің әлдеқайда көп екенін көрсетеді. Ал инвесторлар үшін дәл осы маңызды.

Екіншіден, мақала авторлары Қазақстанда капиталдың шоғырлануы ұзақ жылдар бойы қалыптасқанын атап өтеді.

Инвесторларды мұнда ішкі нарықтың сыйымдылығы, табиғи ресурстар қоры, Еуропа мен Азияның арасындағы тиімді географиялық орналасуы, қаржы инфрақұрылымы және ірі халықаралық жобаларды іске асыру тәжірибесі қызықтырады. Сонымен қатар Қазақстанның инвестициялық саясаты реттеудің болжамдылығын одан әрі арттыруға және инвесторларға ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.

Осы тұста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрақты әрі түсінікті бизнес ортасының маңызын бірнеше рет атап өткенін еске алған жөн. Соның нәтижесінде Қазақстан халықаралық компаниялар үшін Орталық Азиядағы ең ірі әрі ең дамыған инвестициялық алаңға айналып отыр.

Үшіншіден, халықаралық бағалаулар бойынша Қазақстан экономикалық күрделілік пен экономикалық еркіндік рейтингтерінде Орталық Азиядағы өзге елдерден жоғары орында тұр.

Бұл көрсеткіштер маңызды, өйткені олар өндірістік құзыреттердің даму деңгейін, бизнес ортаның сапасын және нарықтық институттардың жай-күйін көрсетеді.

Экономикалық күрделілік индексінде Қазақстан әлем бойынша 55-орында тұр және өңірдегі басқа мемлекеттердің бәрінен едәуір алда келеді. Бұл рейтинг экономиканың технологиялық тұрғыдан күрделі өнім өндіру және экспорттау қабілетін, сондай-ақ өндірістік және өнеркәсіптік әлеуеттің деңгейін бағалайды.

Ал Экономикалық еркіндік индексінде Қазақстан 68-орында. Бұл рейтингті жасау кезінде меншік құқығын қорғау, мемлекеттік реттеудің тиімділігі, экономиканың ашықтығы және бизнесті жүргізу жағдайлары ескеріледі.

All China Review авторлары Қазақстанның өңірдегі көшбасшылық позициясы экономикасының ауқымы мен құрылымына, институттарының сапасына және ұзақ мерзімді капиталды тарту қабілетіне негізделгенін атап өтеді.

Еліміз мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, нарықтық институттарды нығайтып, инвесторлар үшін жағдайды жақсартып келеді. Бұл бағытта Конституциялық реформаның да ықпалы зор. Өйткені ол басқару тиімділігін арттырып, елдің ұзақ мерзімді институционалдық негізін күшейтеді.

Осының барлығы халықаралық инвесторлардың қызығушылығын арттырып отыр.

Инвесторлар үшін инвестиция салудағы негізгі өлшемдердің қатарында реттеудің болжамдылығы, меншік құқығының қорғалуы және экономикалық саясаттың тұрақтылығы бар. Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар дәл осы талаптарға жауап береді. Сондықтан елімізге шетелдік бизнес бұрынғыдан да көбірек келіп, инвестиция көлемі артып келеді.

Жалпы алғанда, Қазақстан – Орталық Азиядағы сөзсіз көшбасшы. Ал өңірдегі басқа елдердің бұл деңгейге жетуі үшін әлі талай жыл қажет.

 

 

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар