"Алдымыздан өткен жоқ": марқұм фельдшердің анасы экс-күйеу баласының үйленуіне қатысты үндеу жасады (ВИДЕО)
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 11:41
- 148
Астанада қызмет барысында үстіне кондиционер құлап, көз жұмған фельдшер Ұлдана Мырзуанның экс-жұбайы Әділет Зейнелдің араға 8 ай салмай екінші мәрте үйленуіне қатысты марқұмның анасы видео үндеу жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Заңгер Нұрсұлтан Орынбектің айтуынша, Ұлдананың өліміне қатысты қылмыстық іс аяқталуға жақын. Қазір іс материалдарымен танысып жатыр.
«Көпшіліктің сұрауы бойынша алдарыңызға шығуыма тура келді. Әділеттің бүгінгі іс-әрекеті бойынша «алдарыңыздан өтті ме?» деп жатыр. Жоқ, ата-анасы да, үлкендері де алдымыздан өткен жоқ. Тағы айта кететін жағдай, қызымның тергеуі болып жатыр. Әділет жәбірленуші ретінде танылған. Енді ол жәбірленуші ретінде бас тартқанын қалаймын. Заң талабына сәйкес қызымның 17 жасынан жинақталған зейнет қорындағы ақшасы Әділетке берілді. Маңдай терімен алған көлігі 18 қарашадан 22 шілдеге дейін Әділетте болып, жақында ғана ата-анасына, біздің атымызға аударылды. Анасы ретінде қызымның заңды мүдделерін қорғауға өз ниетімді білдіремін», – деді Салима Ершанқұлқызы.
Айта кетсек, Әділет Зейнелдің әйелінің қазасынан кейін 8 айдан кейін үйленуіне қатысты көпшілік сынға алған болатын. Марқұмның бауырлары да наразылықтарын білдіріп, жазба қалдырған.
Еске салсақ, 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып, астында бірнеше тұрғын қалып қойған. Көмекке жедел жәрдем бригадасы, оның ішінде фельдшер Ұлдана Мырзуан жеткен. Құтқару жұмысы барысында ғимараттан кондиционер қондырғысы құлап, Ұлдана мен тағы бір фельдшердің басына тиді. Жалпы оқиға салдарынан 5 адам жарақат алды.
Ұлдана 10 күн бойы ауыр халде жансақтау бөлімінде жатты. 18 қараша күні 23 жастағы Ұлдана Мырзуан көз жұмды. Сол күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.




