Ақтауда тісін емдеткен 9 жасар бала жағының бір бөлігінен айырылды: полиция іс қозғады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 10:49
- 48
Ақтауда 9 жастағы бала стоматологиялық емнен кейін төменгі жақ сүйегінің бір бөлігінен айырылды. Тіс дәрігірінің үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Astana.tv арнасына сілтеме жасап.
Ақмарал Қалжанова биыл ақпан айында егіз ұлдарын Маңғыстау облыстық стоматологиялық орталығына апарған. Бір баласының тісі еш қиындықсыз жұлынса, екінші ұлы Нұрадилге тіс жегісі диагнозы қойылып, екі аптадан кейін қайта келу ұсынылған. Кейін емдеуді басқа дәрігер жалғастырған.
Анасының сөзінше, әр қабылдаудан кейін баланың жағдайы нашарлай берген. Дене қызуы көтеріліп, қызыл иегі қабынып, іріңдей бастаған. Алайда шағымдарына қарамастан, дәрігерлер ешқандай тексеру, соның ішінде рентген түсіруді тағайындамаған.
Отбасы кейін жеке клиникаға жүгінгенде, дәрігерлер дерттің тым асқынып кеткенін айтқан. Бастапқыда тіпті онкологиялық ауру болуы мүмкін деген күдік те туған. Осыдан кейін бала шұғыл түрде Астанаға жеткізіліп, оған алғашқы ота жасалған. Сонымен қатар, анасының айтуынша, алғашқы қабылдауға қатысты емдеу тарихы жоғалып кеткен. Ол қағаз медициналық картада да, электронды жүйеде де табылмаған.
“Алғашқы отадан кейін e-Otinish платформасы арқылы Денсаулық сақтау министрлігіне стоматологиялық емхана мен дәрігерлердің үстінен шағым түсірдім. Маған олар тек қатаң сөгіс алғаны туралы жауап келді. Кейін тәуелсіз медициналық сараптама жүргізуді талап еттім. Сараптама тағайындалып, қорытындысында ұсынылған барлық материалдарды зерттей келе, Нұрадилдің анасының шағымы толықтай негізді деп танылды. Себебі емдеу дұрыс қойылмаған диагноздан басталған”, – дейді анасы Ақмарал Қалжанова.
Мамандардың қорытындысы бойынша, емдеу қате диагноз қоюдан басталғаны расталды. Дәрігерлер жіберген негізгі қателік – рентгенологиялық тексерудің жүргізілмеуі. Белгілі болғандай, балаға ем басталар алдында да, емдеу барысында да тістің рентген суреті түсірілмеген. Бұл жайтты облыстық стоматологиялық орталықтың басшылығы да мойындап отыр.
“Олар жағдайды ушықтырып жіберген. Рентгенге түсірмеген. Түсіруі керек еді. Сонда бәрі көрінер еді, бәлкім бұл процесс ем басталғанға дейін-ақ жүрген шығар. Заң тұрғысынан алғанда, екеуі де жас маман. Институтты, резидентураны бітірген, дипломдары бар. Мен бірден ескерту емес, қатаң сөгіс бердім. Ал екінші дәрігер жүкті болғандықтан, заң бойынша оны жұмыстан шығара алмаймын. Мұндай жағдай мың адамның бірінде ғана кездеседі. Өзім бұл салада 30 жылдан бері еңбек етіп келемін, алғаш рет осындай оқиғаға тап болып отырмын”, – дейді "Облыстық стоматологиялық орталық" ШЖҚ МКК директоры Ғалымжан Қоянбайұлы.
Орталық директорының айтуынша, екі стоматолог та мекемеге өткен жылдың тамыз және қазан айларында ғана жұмысқа қабылданған.
“Ем ұзаққа созылады. Ұлымның қаншалықты қиналып жүргенін көріп отырмын. Ол балалық шағының бір бөлігінен айырылды. Дәрігерлердің салғырттығы салдарынан ұлым зардап шекті. Сондықтан бұл әрекет міндетті түрде жазалануы керек деп есептеймін. Оларға жай ғана қатаң сөгіс берілгенімен келіспеймін. Мен ғана емес, басқа балалар да осындай жағдайға тап болуы мүмкін. Сол себепті дәрігерлердің қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын қалаймын”, – дейді баланың анасы.
Осы уақытта Маңғыстау облысының полициясы медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Аталған баптың санкциясы айыппұлдан бастап екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
“Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 317-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады”, – дейді Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаева.
Тамыз айында Нұрадилге үшінші ота жасалады. Одан кейін төменгі жақ сүйегін қайта қалпына келтіру, жоғалған сүйек тінін өсіру және имплантациялау кезеңі басталады. Алайда имплантацияны дәрігерлер оның жасы есейген кезде ғана жасауға болатынын айтып отыр.
Қазір отбасы екі айдан астам уақыттан бері Астанада дәрігерлердің бақылауында. Осы уақытқа дейін ем-домға шамамен 3 миллион теңге жұмсалған.
Анасының айтуынша, кейін екінші стоматолог кешірім сұрап, балаға рентген түсіруді қажет деп санамағанын мойындаған.




