«Ақшамызды төлеп қойдық»: Алматыда 100-ге жуық үлескер төрт жылдан бері пәтеріне кіре алмай жүр
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 12:13
- 28
Алматыда 100-ге жуық үлескер бірнеше жылдан бері пәтеріне қол жеткізе алмай жүр. Олардың айтуынша, “Тайм групп” құрылыс компаниясы баспананы бір жыл ішінде тапсыруға уәде берген. Десе де арада төрт жылдан астам уақыт өтсе де, тұрғындарға пәтер құжаттары берілмеген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Үлескерлердің сөзінше, олар компанияның жарнамасына сеніп, жаңа пәтер алу үшін бар қаражатын салған. Бірі бастапқы жарна ретінде 5 миллион теңге төлесе, енді бірі 30 миллион теңгеден астам қаржыны толық аударған. Алайда құрылыс аяқталғанымен, баспананы заңды түрде рәсімдей алмай отыр.
Кейбір тұрғындар тіпті ескі үйін сатып жіберіп, қазір жалдамалы пәтерде тұруға мәжбүр болған.
“Мемлекеттік органдарға сілтей береді. “Құжаттарыңыз жақында дайын болады, тағы бір жарым ай күтіңіздер” дейді. Бірақ олардың ешбір уәдесіне сенбейміз. Ақшамызды төлеп қойдық, енді үйімізді күтіп жүрміз. Қазір ай сайын 150 мың теңге төлеп, жалдамалы пәтерде тұрамыз”, – дейді үлескер Гүлзира Шалтаева.
Тағы бір үлескер Айдын Әбілқайыровтың айтуынша, компания әр жолы кешігудің түрлі себебін айтады.
“Кеңселеріне бірнеше рет бардық. Бірде әкімдік құжаттарды қабылдамай жатыр десе, енді бірде жер аумағына қатысты өзгерістерге байланысты рәсімдеу кешігіп жатқанын айтты”, – дейді ол.
Үлескерлердің айтуынша, тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталған. Тіпті компания пәтерлерде жөндеу жұмыстарын бастауға ауызша рұқсат берген. Соған қарамастан, тұрғындардың қолына меншік құжаттары әлі тапсырылмаған.
“Тайм групп” компаниясының өкілдері пікір беруден бас тартқан. Үш күннен кейін компания тек жазбаша жауап жолдаған.
Компания мәліметінше, Time City тұрғын үй кешенін пайдалануға беру 2026 жылдың тамызына жоспарланған. Сонымен қатар бұрын жарияланған мерзімдер өзгергені үшін кешірім сұрап, нысанды белгіленген уақытта тапсыру үшін барлық қажет жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеген.
Құжаттарын күткен үлескерлер егер бұл жолы да уәде орындалмаса, сотқа жүгінеміз дейді.


