Құтқарушы Әділ Қайырбек: бір адамның өмірін сақтап қалу – кез келген марапаттан қымбат
- автор kyn.kz
- Бүгін, 12:10
- 29
Олар үшін әр секунд – адам өмірі. Күнделікті қауіппен бетпе-бет келетін мамандардың бірі – өрт қауіпсіздігі саласының қызметкері Әділ Қайырбек. KYN.KZ тілшісіне берген сұхбатында ол мамандыққа қалай келгенін, қызмет барысында бастан өткерген әсерлі оқиғаларын және қоғам арасында жиі айтылатын қате түсініктер туралы айтып берді.

– Әділ, құтқарушы болуды қашан және қалай шештіңіз?
– Бұл мамандықты кездейсоқ таңдаған жоқпын. Әкем әскери адам болғандықтан бала күнімнен тәртіп пен жауапкершілікті көріп өстім. Әкеме қарап бой түзедім. Мектепті бітірген соң Көкшетаудағы Азаматтық қорғау академиясына оқуға түсіп, төрт жыл білім алдым. Оқуды лейтенант шенімен аяқтап, сол жылдан бері осы салада еңбек етіп келемін.
– Қазір нақты қандай бағытта қызмет атқарасыз?
– Қазіргі таңда өрт қауіпсіздігі саласында жұмыс істеймін. Бірақ біздің жұмыс тек өрт сөндірумен шектелмейді. Жер сілкінісі, су тасқыны, табиғи апат немесе басқа да төтенше жағдайлар болса, біз бірден оқиға орнына барамыз. Негізгі мақсатымыз – адамдардың өмірін, денсаулығын және мүлкін аман алып қалу.
– Қызметіңіздің ең ерекше тұсы не?
– Маған адамдармен тікелей жұмыс істейтінім ұнайды. Қауіптің ортасында қалған жанды аман алып шыққандағы сезімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Ол – жай ғана қызметтік міндет емес. Бір адамның тағдырына араша болып, оның өмірін сақтап қалғаныңды түсінесің. Мұндай сәттер кез келген марапаттан әлдеқайда қымбат.
– Ал ең қиыны не?
– Ең қиыны – уақыт. Кейде адамдар бізге тым кеш хабарласады. Егер хабар ертерек түссе, құтқару жұмыстары әлдеқайда нәтижелі болады. Сондықтан уақыт жоғалтуға болмайды.
Тағы бір қиындық – бұл мамандықтың қауіптілігі. Кейде үйдегілерден гөрі әріптестеріңмен көбірек уақыт өткізесің. Бірақ мен бұл жолды саналы түрде таңдадым. Берген антыма адал болу – мен үшін басты қағида.
– Жақында суға кетуге шақ қалған екі баланы құтқарып қалған екенсіз. Сол күнді еске түсірсеңіз…
– Иә, ол оқиға әлі есімде. Екі оқушы қатты ағысқа түсіп кетіп, көпірдің астындағы бетон тіректерге жармасып тұрған. Су өте қатты ағып жатты. Біз дереу құтқару дөңгелегін лақтырып, балаларды жағаға аман шығардық.
Кейін ата-аналары келіп, алғыстарын айтты. Бір баланың анасы жұмыс орныма арнайы іздеп келгені есімде. Ешқандай марапат алған жоқпын. Бірақ ол маған маңызды емес. Ең үлкен сыйлық – құтқарылған баланың кейін «өскенде мен де құтқарушы болғым келеді» деген сөзі болды.
– Қызмет жолында ерекше есте қалған оқиға қайсы?
– Бір күні түн ортасында бес қабатты тұрғын үйден өрт шықты. Жертөледе өрт тұтанып, түтін бүкіл подъезге тараған. Кейбір тұрғындар түтінге уланып, ес-түссіз жатқан.
Абырой болғанда, бір тұрғын түтінді байқап, бізге дер кезінде хабар берген. Әріптестеріммен бірге 50-ге жуық адамды сыртқа шығарып үлгердік. Кейін жертөлеге түсіп, өрттің ошағын толық сөндірдік. Сол күні көптеген адамның өмірі сақталып қалды. Бұл – мен ешқашан ұмытпайтын оқиғалардың бірі.
– Құтқарушы ретінде сіз үшін ең үлкен марапат не?
– Адамдардың алғысы. Құтқарылған адамның немесе оның жақындарының шын жүректен айтқан рақметі, ақ батасы – біз үшін ең үлкен марапат. Сондай сәтте бұл өмірде бекер жүрмегеніңді сезінесің. Біреуге пайдаң тиіп, оның өмірін сақтап қалғаныңды түсіну ерекше күш береді.
– Қоғамда «өрт сөндіру көлігі сусыз келді» деген пікірлер жиі айтылады. Бұған не дейсіз?
– Мұндай сөздерді жиі естиміз. Бірақ шын мәнінде өрт сөндіру көлігі ешқашан сусыз шықпайды. Әр техника арнайы тексерістен өтеді. Бұл – заңмен бекітілген талап.
Кей адамдардың түсінбейтіні – су өте жылдам жұмсалады. Кейбір өрт сөндіру техникалары секундына 50–80 литр су шашады. Сондықтан 5–8 тонна су 10–15 минуттың ішінде таусылып қалуы мүмкін. Сол кезде сырт көзге көлік сусыз келгендей әсер қалдырады.
– Қатты күйзелістегі адамдар кейде құтқарушыларға ашуын шығарады. Ондай жағдайда не істейсіздер?
– Ондай жағдайлар болады. Біз ренжімейміз. Өйткені ол адамның үйі жанып жатыр, жақыны қауіптің ішінде болуы мүмкін. Мұндай кезде эмоцияға берілетіні түсінікті. Біз ең алдымен оларды сабырға шақырып, құтқару жұмысына кедергі келтірмеуге тырысамыз.
– Осындай ауыр жұмыстан кейін психологтардың көмегіне жүгінесіздер ме?
– Иә. Бізбен арнайы психологтар жұмыс істейді. Түрлі психологиялық жаттығулар өткізіледі. Себебі күн сайын қайғылы оқиғаларды көру адамның психологиясына әсер етпей қоймайды.
– Әлі бойдақ екенсіз. Болашақ жарыңыз қандай болғанын қалайсыз?
– Менің мамандығымды түсінетін, қызметіме құрметпен қарайтын жан болса деймін. Бұл – жай жұмыс емес, антым бар мемлекеттік қызмет. Сондықтан болашақ жарым ешқашан «жұмысыңды таста» деген талап қоймайды деп сенемін.
– Соңында оқырмандарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Төтенше жағдай кезінде уақытты жоғалтпаңыздар. Қауіптің алғашқы белгілерін байқасаңыздар, бірден құтқарушыларға хабарласыңыздар. Кейде бір ғана қоңырау ондаған адамның өмірін сақтап қалады.



