Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

АҚШ-қа бару қымбаттай түсті: кей елдердің азаматтары виза үшін 20 мың долларға дейін кепіл төлейді

АҚШ-қа бару қымбаттай түсті: кей елдердің азаматтары виза үшін 20 мың долларға дейін кепіл төлейді
visas.kz
Егер адам тәртіп бұзса 20 мың АҚШ доллары сол елде қалады.

АҚШ билігі визалық талаптарды тағы да күшейтті. 3 тамыздан бастап әлемнің 50 елінің азаматтары туристік және іскерлік виза рәсімдеу кезінде 20 мың долларға дейін кепіл ақша төлеуі мүмкін. Жаңа тәртіп Қазақстан азаматтарына қолданылмайды.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, өзгеріс B-1/B-2 санатындағы іскерлік және туристік визаларға қатысты енгізілген. Кепіл сомасы алдын ала бекітілмейді – әрбір өтінішті қараған консулдық қызметкер оның мөлшерін жеке анықтайды.

Егер виза иесі АҚШ аумағынан белгіленген мерзімде шығып кетсе, визаны пайдаланбаса немесе елге кіруге рұқсат ала алмаса, төленген қаражат толық қайтарылады. Ал визалық талаптарды бұзып, рұқсат етілген мерзімнен артық қалған жағдайда кепіл ақша мемлекет қарамағында қалады.

Жаңа ереже енгізілген мемлекеттердің қатарында Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Алжир, Ангола, Бангладеш, Камбоджа, Моңғолия, Непал, Никарагуа, Тунис, Уганда, Венесуэла, Зимбабве және Африка, Латын Америкасы мен Оңтүстік-Шығыс Азиядағы тағы бірнеше ел бар. Ал Қазақстан бұл тізімге енген жоқ.

АҚШ тарапы мұндай шешімді аталған елдерден келетін азаматтардың визалық режимді жиі бұзуымен түсіндірді. Ведомствоның айтуынша, кепіл жүйесі АҚШ-та заңсыз қалу және визаны талапқа сай пайдаланбау жағдайларын азайтуға бағытталған.

Бұған дейін бұл бағдарлама пилоттық жоба ретінде жұмыс істеп, кепіл сомасы 5 мыңнан 15 мың долларға дейін белгіленетін. Енді ең төменгі шек алынып тасталып, кепілдің ең жоғары мөлшері 20 мың долларға дейін ұлғайтылды.

Associated Press агенттігінің дерегіне сүйенсек, 2024 жылы аталған тізімдегі елдердің азаматтары АҚШ-та болу мерзімін шамамен 45,5 мың рет бұзған. Ал пилоттық жоба іске қосылған алғашқы 10 айда мұндай жағдайлардың саны 50-ге де жетпеген.

Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар